Азаматтық белсенді және құқыққорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА бүгін таңертең тергеу абақтысында отырған Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНДЫ қолдау мақсатында митинг өткізуге өтініш берді.
– Біз ел президенті НАЗАРБАЕВ бекіткен Жер комиссиясы Мораторийінің қабылдануына байланысты бейбіт митинг өткізуді жоспарлап отырмыз. Алайда, митинг идеясы сол, Атыраудағы аналар қоғамы түрме қабырғаларында үш айдан астам уақыт отырған Аян мен Боқаевтың аналарын қолдауға келуінен тұрады. Мораторий солардың азаматтық белсенділігінің арқасында қабылданып отыр. Сондықтан, біз митингті «Ақ жаулықты аналар» деп атадық, – деді Нұрғазиева. – Біз Жеңіс саябағынан (Тілендиев көшесі) алаң сұрап отырмыз. Әкімдік дәл сол күні, дәл сол уақытта және дәл сол жерде әр түрлі спортттық немесе ойын-сауық шараларын өткізе бастайтын әдеті барын ескере отырып, біз балама ретінде тағы Құрманғазы атындағы мәдениет үйінің жанындағы саябақты да сұрап отырмыз. Қалалық мәслихаттың шешімімен митинг өткізу үшін бес орын бекітілген, бұл екеуі тізімге енген. Өтетін күнін 17 қыркүйек деп таңдадық, қала әкімі Серік ШАПКЕНОВТЫҢ рұқсатын күтіп отырмыз.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА