Медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіретін «BRANDO» ЖШС Атырау зауыты ресейлік компаниялармен ынтымақтастықты бастайды.
Естеріңізге салып өтейік, «BRANDO» компаниясы 2010 құрылған болатын. Медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру саласында жұмыс істейді – бір рет пайдаланатын шприцтерді, сұйық ерітінділерді денеге жіберуге арналған жүйелер мен бір рет пайдаланатын қолғаптарды шығарады. Нысан ҚР-ның мемлекеттік индустриалды-инновациялық бағдарламасы бойынша ашылған. 2011 жылы кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен бір рет пайдаланатын шприцтерді өндіруді кеңейту бойынша 380 миллион теңге көлемінде несие алды. Батыс Қазақстанда бұл медициналық жабдықты шығаратын алғашқы өндіріс. Осындай технологиялар Кореяда және Ресейде қолданылады. Зауыт әр түрлі көлемдегі (2мл, 3мл, 5мл, 10мл, 20 мл) бір рет пайдаланатын шприцтерді корейлік технологиямен шығару жұмысын жолға қойған.
Қазіргі уақытта зауыт жылына 80 миллион шприцке дейін және 40 миллион медициналық қолғапқа дейін шығарады. Зауытта 250-ге жуық жұмысшы еңбек етеді, олар үш ауысыммен жұмыс істейді.
«Брандо» ЖШС-нің коммерциялық директоры Аслан ҚАБДУЛИННЫҢ айтуынша, фармацевтикалық бұйымдарды сатумен айналысатын мәскеулік компаниялардың бірінің өкілдері олардың өндірісінде болып, сынап көр үшін өнімнің бірнеше түрін алып кеткен болатын. Алғашқы пікірлері жаман емес, енді ресейліктер бірлесіп жұмыс істеуге тілек білдіріп отыр. Мәскеуге 850 мың шприц тиелген алғашқы вагон жөнелтілді.
- Қазір біз Ресейден біздің шприцтер мен медициналық қолғаптарға кезекті тапсырысты күтіп отырмыз. Төрт компаниямен келіссөз жүргізудеміз. Және жақын арада бізде өз өнімімізбен Ресей нарығына бұдан да үлкен көлеммен шығуға мүмкіндік болады деп үміттенеміз, – дейді А. Қабдулин.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дияс ЖӘНІБЕКОВТЫҢ айтуынша, бүгінде Атырау облысында өнеркәсіптің өңдеу саласын дамытуға, соның ішінде фармацевтикалық өнімдер мен медициналық мақсаттағы заттарды өндіруге үлкен басымдық беріліп отыр. Мәселен, қазіргі уақытта фармацевтикалық препатттарды өндіру бойынша зауыт құрылысы жүргізілуде. Оны пайдалануға беру келесі жылға жоспарланып отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА