Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов 78 жасында қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Өзбекстан үкіметінің сайтына сілтеме жасаған бірқатар БАҚ хабарлады.
Ал YouTube хостингінде "Ислам Кәрімовтің денесі Самарқанға жеткізілді" деген атаумен видео жарық көрді.
Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті, мемлекет қайраткері, Өзбекстан ғылым академиясының академигі, Өзбекстан Қаһарманы 1938 жылдың 30 қаңтарында Самарқанда дүниеге келген.
Кеңес кезінде Өзбекстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болған. Ал 1990 жылдың 24 наурызында Өзбекстан Ұлы Кеңесінің сессиясында Өзбекстан Президенті болып сайланып, конституцияға сәйкес Министр Кабинеті (Уәзірлер маккамасы) төрағасы қызметін қоса атқарды. Елді 1991 жылдан бастап, ел тәуелсіздік алған сәттен басқарып келді.
Еске салайық, 2 қыркүйекте Өзбекстан үкіметі ел президенті Ислам Кәрімовтің ауыр жағдайда жатқанын мәлімдеген болатын.
Ал өзбек БАҚ-тары Өзбекстан басшысын жерлеу рәсімі Самарқанда өтетінін хабарлап үлгерді.
Дереккөз: Тengrinews.kz