Бейсенбі күні Сауд Арабиясы мұнай өндіру бойынша ОПЕК ортақ шешім қабылдайтыны туралы мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы тұрақтанды,- деп хабарлады Азаттық.
Brent маркалы мұнайының қараша айына жеткізу фьючерстерінің құны барреліне 46,89 АҚШ долларын құрады. Алдыңғы сессияда 1,65 АҚШ долларына арзандаған АҚШ-қа мұнай жеткізу фьючерстерінің құны 5 центке қымбаттап, 44,75 долларды құрады.
Сауд Арабиясы сыртқы істер министрі Адель аль-Джубейр ОПЕК-ке мүше елдер мен аталған ұйымға кірмеген мемлекеттер ортақ позиция шығаруға бағыт алғанын мәлімдеді.
Мұнай экспорттаушы елдер Ұйымының мүшелері 26-28 қыркүйек күні Алжирде өтетін Халықаралық энергетикалық форум аясында кездеседі және қара алтынға баға белгілеуді жандандыруға күш салады деп болжануда.
«Егер бізге нәтиже қажет болса, барлығы жауапкершілікті қолға алуы тиіс және соңғы бес-алты айда мұның бәрі ұжымдық күш екенін ұғынды деген ойдамын», - деді министр.
Осы аптада Ирак Премьер-министрі Хайдер аль-Абади көлемі жағынан Сауд Арабиясынан кейінгі екінші ОПЕК мұнай өндірушісі ретінде қара алтынның бағасын тұрақты ұстап тұру үшін мұнай өндірісін тоқтату туралы шешімді қолдайтынын айтты. Алайда, елдегі мұнай министрі Ирактың мұнай өндірісін ұлғайтуды қалайтынын жеткізді.
Тегеран мен Ресей ОПЕК елдерінің және картельден тыс мемлекеттердің өндірісті тұрақтандыру туралы бұл талпынысын қолдамады және сәуір айындағы өндірісті тоқтату туралы келіссөздер күшін жойды.
Дереккөз: Іnform.kz