Осы оқу жылынан бастап қаладағы 10 мектепте робот құрастыру бойынша сыныптан тыс сабақтар енгізілмек.
Бұл ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы бағдарламасын жүзеге асыру кезеңдерінің бірі. Бұған сәйкес, жалпы білім беретін мектептерде үйірмелерді немесе таңдамалы курстарды (оқушылардың қызығушылықтары бойынша оқу бағдарламаларын таңдауы) ашу керек болады. «Робототехника» курсының негізін электроника, механика, телемеханика, информатика, радиотехника, бағдарламалау, электротехника және физика құрайды. Атырауда министрлік бағдарламасының операторы болып АМУ таңдалды.
Робототехника бойынша бірінші болып мектеп зертханасымен «Дарын», ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия, Досмұхамбетов атындағы лицей, ҚТЛ, қалалық физика-математикалық лицей, ұлттық гимназия, №№ 16, 17, 30 және 36 мектептері жабдықталмақ.
– Олар робот құрастыруға арналған 180 аспаптар жиынтығымен толықтырылады, – дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан ӨТЕМАҒАМБЕТОВ. – Балалар робот құрастыруды сыныптан тыс сабақтарда 5-сыныптан бастап 11-сынып аралығында оқи алады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА