Атырау, 20 сәуір 06:49
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Дерматит індеті салқынның түсуімен тоқтай ма?

2 493 просмотра

Аймақтық коммуникация қызметінде Атырау облысы ветеринария басқармасының басшысы Нұрбай ӘБДРАХМАНОВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті.

Құрманғазы, Исатай аудандары және Атырау қаласының Дамбы, Кеңөзек ауылдық округтарында ірі қарада нодулярлы дерматит ауруының анықталуына байланысты 27 шілдеде жарияланған карантин әлі де жалғасуда. Жергілікті бюджеттен емдеуге және жұқпалы індеттің ошақтарында эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге 4,49 млн теңге бөлінді. Сиырларды емдеу үшін «Бициллин-3» және «Бициллин-5», «Нитокс» антибиотиктерінің партиясы және жұқпалы ауруды таратушы масалар, шыбындар мен соналарды құрту үшін «Диазинон-60» дәрі-дәрмегі сатып алынды.

Масалар мен шыбындарды, соналарды үркіту үшін сиырлардың құлағына жапсыратын арнайы медициналық құрам әкелінді. Оның құрамында жануарлардың терісіне тарап, зиянкестердің шағуынан қорғайтын циперметрин бар.

Жәндікжойғының әсері жарты жылға деп есептелген және ондай «сырғалардың» бір данасы 750 теңге. Бүгінгі күні фермерлер өз қаржыларының есебінен оның шамамен үш мыңын сатып алған. Карантин жарияланған аумақтардағы ірі қара мал басы 79 мыңды құрайды, оның 5 880 ауруға шалдықса, 2 800-і жазылды, 2 453-ін емдеу жалғасуда, 727-сі өртелді. Негізінен індетке шалдыққан малдың көпшілігі шыбын-шіркейі көп, қалың шөбі бар су тоғандары маңындағы аумақтарда кездеседі.

– Айталық Құрманғазы ауданындағы Азғыр аймағында сиырлар ауруға шалдыққан жоқ, - деп атап өтті Әбдрахманов. – 2014 жылы Дағыстанда, ал одан кейін Ресейдің Волгоград және Астрахан облыстарында байқалған экзотикалық індеттен Қазақстанда біздің облысымыз бірінші болып зардап шекті. Нодулярлы дерматитке қарсы вакцина ойлап табумен қазір Ресейдің және Арменияның ғалымдары бас қатыруда. Бүгінгі күні біз малды симптомдық емдеумен және қансорғыш зиянкестерді үркітумен айналысудамыз. Алдымен «бутокс» дәрі-дәрмегін қолданып көрдік, бірақ оның әсері бар-жоғы 5-6 күнге ғана жетті, сондықтан да одан бас тартып, басқа дәрі-дәрмектерді қолдануға көштік. Салқындықтың келуімен малдағы індет азаяды деп күтіп отырмыз. Тағы да айта кеткім келеді адамдар, түйелер мен жылқылар, қойлар нодулярлы дерматитпен ауырмайды. Әбдрахмановтың айтуынша, кейбір жауапсыз мал иелерінің ауру малды қорада бөлек ұстап бағудың орына шөп жоқ деген сылтаумен өріске жіберуі жағдайды ушықтырды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

1 қыркүйек 2016, 12:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.