Атырау, 23 қараша 00:28
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Көмекке келген жобалар

6 521 просмотра

Облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернат үйінің 27 тәрбиеленушісі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Болашақ-К» қоғамдық қоры жүзеге асырған «Дені сау балалар» жобасының аясында бірінші курстан өтті.

Жоба 12 айға есептелген, осы уақыт ішінде олар Атырау облысындағы БЦС, Дауна сырқаты және басқа да нейро-ортопедиялық ауытқуы бар 260 балаға оңалту көмегін көрсетуді жоспарлап отыр. Көмек жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, толық емес және аз қамтылған отбасылардың балаларына көрсетілетін болады.

Жыл бойына 12 жиырма күндік курс жүргізілетін болады. Бұл құрамында дәрігер-реабилитолог, невропатолог, ЛФК нұсқаушысы, логопед, дефектолог, психолог және эрготерапевттері бар көп профильді команданың кеңес беру орталығы.

Эрготерапия деген не? Бұл сырқат салдарынан немесе түрлі жарақат салдарынан қозғалу қабілетін жоғалтқан адамдардың өмірінің сапасын жақсартумен, қозғалысын қалпына келтіріп және дағдылы істерімен айналысуына мүмкіндік туғызатын медицинаның бір саласы. Мақсат – жоғалған қозғалыс функцияларын ғана қалпына келтіріп қоймай, адамды қалыпты өмір сүруге қайтадан бейімдеу, оған тұрмыста өз бетінше қозғалуға қол жеткізуге көмек беру. Эрготерапевт дәрігер пациентті қайтадан өзін-өзі күтуін, жұмыс істеуін, адамдармен қарым-қатынас жасап, көңіл көтеруді үйренуге көмектеседі.

- Біздің интернатта 105 тәрбиеленуші бар, оның 66-сы тұрақты негізде тұрады, қалғандары күндізгі стационарға келеді. Осындай көп бала үшін бізде тек бір ғана ЛФК нұсқаушысы бар, - дейді интернат қызметкерлері. Әрине, жалғыз бір маман түрлі сырқаты бар балалардың барлығына бірдей тұрақты түрде оңалту шараларын жүргізуі мүмкін емес, сондықтан да қоғамдық қордың көмегі орасан зор.

- Біздің қор міне, екі жылдан аса БЦС және басқа да сырқаты бар балаларға медициналық және психо-педагогикалық оңалту шараларын жүргізумен белсенді түрде айналысып келеді. Осы уақыт ішінде біздің орталықта тегін оңалту көмегін 150-ден аса бала «ЭксонМобил Казахстан» компаниясының қаржылық қолдауымен алып келді, - дейді жоба үйлестірушісі Ирина ГОРБАЧЕНКО.

Балаларды оңалтуды қолға алған қор қызметкерлері мұның өте ауқымды жұмыс екендігін және өмірде өз жоспарларын жүзеге асыру үшін қаншалықты білім алу керектігін тез түсінді. Қор қызметкерлері екі жыл ішінде Астанадағы республикалық оңалту орталығында, Алматыдағы «Аспасия» оңалту орталығында бірнеше рет оқу курстары мен біліктіліктерін көтеру курстарынан өтті, «Айлана» ОО базасында профессор Валида ИСАНОВАНЫҢ шеберлік дәрістеріне қатысты.

Атырауға Германиядан білікті маман Аннет ХАЙНЦ бірнеше рет келді, «Болашақ-К» базасында «Айлана» ОО басшысы ЛФК дәрігері Айнұр НҰРХОЖАЕВА шеберлік дәрістерін өткізді. Таяуда ғана «Болашақ-К» мамандары түрлі сырқатты ауруларды оңалтумен белсенді айналысушы нейрохирург Азиз АКТАЕВТЫҢ шеберлік дәрісіне қатысып, оқу курсын аяқтады. Азиз Актаев адам анатомиясы, бұлшық еттердің биомеханикасы, БЦС аурулары, түрлі жарақат, жарықтар бойынша кинезиотерапия әдісі бойынша семинар-тренинг өткізді.

Қазір қор өз алдына тек балаларды оңалту міндетін ғана емес, арқатұс жарақаттары, омыртқааралық жарықтар және басқа да жарақаттары бар ересек пациенттерге де оңалту шараларын жүргізуді жоспарлап отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

31 тамыз 2016, 22:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.