Фейсбуктегі жол-көлік оқиғасы орнында болған төбелес туралы жазбаға Атырау облысы ІІД-нің баспасөз қызметі комментарий берді.
29 тамызда Arthur Turekulov деп тіркелген қолданушы оның қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы орнынан бейнежазба мен фотосурет қосып, «құқыққорғау органдарына» жолдау ретінде мынадай мәтін қалдырған: «Бүгін менің қатысуыммен және өзін таныстырудан бас тартқан «Тойота Камри» мінген бір спортшының қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Ол менің көлігімді соққанымен қоймай, өзінің қандай спортшы екенін және қандай мықты екенін көрсетпекші болды. Мен бұдан да сорақысын айтайын, біраз нәрсе жол полиция инспекторлары келген соң да болды. Яғни, олар бұл адамның қалай төбелеске ұмтылғанын, мені барынша арандатқанын көре тұра үндемеді, олар мұнымен айналыспайтынын, олардың шаруасы тек жол-көлік оқиғасы екенін айтты».
Бұл оқиғаға қатысты органдардан жауап келді.
– 29 тамызда шамамен сағат 18.30-да Кұрманғазы көшесінде Toyota Camrу және «Лада Гранта» автокөліктерінің қатысуымен жол көлік оқиғасы орын алды. Содан соң полиция қызметкерлері келгенше жүргізушілер өзара төбелескен. Оқиға орнына келіп жеткен жол-патрульдік қызмет қызметкерлері жол-көлік оқиғасы схемасын сызып, барлық қажетті материалдарды жинап алып кеткен. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша 27 жастағы Toyota Camrу автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 610-бабының 1-тармағы бйоынша («Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын көлiк құралдарын бүлдіруге әкеп соққан, материалдық залал келтiрген бұзушылығы») хаттама толтырылған болатын, – деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА. – Одан бөлек, сол жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабының 1-тармағы бойынша («Бұзақылық») қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта Атырау қаласының ІІБ-ның анықтау бөлімінің қызметкерлері тергеу шараларын жүргізуде.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА