Атырау, 27 қараша 09:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Ауруханаға түскен Ислам Каримовты тәуелсіздікпен құттықтап жатыр

2 501 просмотра

Өзбекстан президенті Ислам Каримов миына қан құйылып, ауруханаға түскен тұста оның атына шет мемлекеттер басшыларынан Өзбекстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаған хаттар түсіп жатыр,- деп хабарлады Азаттық. Бұл туралы Өзбекстан президентінің ресми сайтында айтылды.

Өзбек президентінің ресми сайтында жарияланған ақпаратта АҚШ, Қытай, Германия сияқты елдердің басшыларынан құттықтау хаттар келіп жатқаны айтылады. АҚШ президенті Барак Обама Ислам Каримовты 1 қыркүйекте атап өтетін Өзбекстан тәуелсіздігіне 25 жылдығымен құттықтап, "АҚШ бұл елдің тәуелсіздігі, егемендігі мен территориялық тұтастығын қолдай беретінін" айтқан.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин де хатында Ислам Каримов пен Өзбекстан халқын тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған. Цзиньпин хатында Өзбекстан халқына көркейіп, дамуды, ал Каримовке денсаулық пен жұмысына табыс тілеген.

Ислам Каримовты құттықтады делінген мемлекет басшылары қатарында Тәжікстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Украина, Польша, Ауғанстан басшылары бар.

Өзбекстан президентін құттықтау туралы ақпарат Каримов ауруханаға түсіп, оның жағдайына қатысты түрлі ақпарат тараған тұста хабарланып отыр. Өзбекстан министрлер кабинеті 28 тамызда Каримовтың ауруханаға түскенін растаған. Өзбекстан министрлер кабинеті таратқан бұл хабар Каримовтың денсаулығы туралы алғашқы ресми хабар болды. Хабарламада өзбек президентінің дәрігерлерге қаралып жатқаны айтылып, ол ақпарат тұңғыш рет жергілікті телеарнадан берілді. Дәрігер оны "тексеру мен емдеу біраз уақытқа созыларын" айтқан.

Ал 29 тамызда Каримовтың кіші қызы Лола Каримова-Тилляева Instagram-да "Сенбі күні таңертең миына қан құйылғандықтан ауруханаға түсіп, қазір реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты. Қазір оның алдағы ахуалына қатысты болжам айтуға әлі ерте" деп жазған.

30 тамызда "Фергана" агенттігі аты-жөні аталмаған дереккөзіне сілтеме жасап Каримовтың "қайтыс болғанын" хабарлаған. Ал өзге ақпарат құралдары, оның ішінде ресейлік "Интерфакс" агенттігі оның тірі екенін хабарлаған. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 30 тамызда Кремль Каримовтың денсаулығына қатысты "жаңа ақпарат алмағанын" және Мәскеу үшін өзбек президентінің денсаулығына қатысты комментарий беру "жөнсіз болатынын" мәлімдеген.

Бүгінге дейін Ислам Каримовтың жағдайы қандай екені беймәлім болып тұр.

Ислам Каримов 1 қыркүйекте Өзбекстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шараларда көп алдына шығады деп жоспарланған.

Дереккөз: Аzattyq.org

31 тамыз 2016, 10:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.