Атырау қаласының әкімдігі тергеу абақтысы мен түзеу колонияларына баратын жолдағы екі көпір өткелінің апатты жағдайына байланысты «жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы ТЖ» жариялады.
Естеріңізге салсақ, 28 сәуірде бұрынғы химия зауытының аумағында Жылы каналға «Ивановец» автокраны құлаған болатын – көпірдің ескірген плиталары арнайы техниканың көп тонналы салмағын көтере алмады. Жылы және Салқын каналдардың көпірлері тұсының кіре берісінде салмағы 6 тоннадан асатын автокөліктердің өтуіне тыйым салатын белгілер орнатылған, бірақ ауыр көліктер бұл жермен жиі өтеді.
ТЖ көктемде болған еді, ал ТЖ режимін қазір ғана жариялап отыр. Неге? Қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ бұған дейін белгілі бір процедураларды өткізу қажет болғанын түсіндірді. Таяуда мердігер мекемемен жобалауға келісімшарт жасасу жоспарланып отыр. Содан кейін олар көпір өткелдерін тексеруге және жобалау жұмыстарына кіріседі. Жөндеуді қысқа дейін бітіру жоспарланып отыр. Ж. Қарағаевтың айтуынша, өткелдерді 29 тамыздан бастап жабады, енді айналма жолмен (Алғабас арқылы) өтуге тура келеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА