Атырауда әлеуметтік желіде жарияланған қала әкіміне іздеу салу туралы қағытпа жазба қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары жақында тағайындалған Серик Шапкеновты жабыла «іздеу» үстінде,- деп хабарлады Қазақпарат.
«Ландышева Катерина Ивановна есімді азаматшадан. Өтініш. Мен 1920 жылы туған Ландышева Катерина Ивановнамын. Атырау қаласының Балықшы ауданында Водников ауылында тұрамын. Барлық жолдарға асфальт төселмеген. Біздің қала әкімі туралы көптен бері хабар болмағандықтан, мен полицияға шағымдануға мәжбүр болып тұрмын. Қазір заман шулы кез. Ылғи бізде қауіптіліктің бәленше және түгенше деңгейін жариялап жатады. Қалаңда әкім жоқ болса, қалай тыныш жата аласың? Жыл соңында қала үлкен қоқыс алаңына айналып кетті. Ал әкім болса, жоқ. Күз де келіп қалды, жолдар әлі төселмеген, ал, әкім болса әлі жоқ. Яғни ол біресе бар секілді, біресе жоқ секілді. Оны неге халықтан жасырып жүр? Мектептер оқу жылына дайын ба, дайын емес пе, белгісіз. Оқулықтар болса, тағы да жетіспей жатыр. Ал әкім болса, жоқ. Бізге біздің әкімімізді тауып беріңіздер! Ол велосипед тебуді үйрететін арнайы курстарға барып жүр деген сыбыс бар. Әкімдерге арналған. Оған оның бұл ісінің бос әурешілік екенін айта барыңыздар. Себебі біздің қалада веложол жоқ. Әлгі бір жалғыз жолдан басқа. Оның өзін Путинге көрсету үшін салған. Және ол тікелей әуежайға қарай бағыт алған. Әкімге іздеу салыңыздаршы? Жылу маусымы басталар алдында қаланы тастап кеткені жарамас», - деп жазылған әлеуметтік желідегі жазбада.
Жазбаға облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі де жауап қатты.
«Әкім Серик Шапкенов қазір Атырау қаласының шетіндегі ауылдар мен шағын аудандарды аралап, қала ахуалымен танысып жүр. Қызметке тұрған бір жарым айдың ішінде әкім бір емес, бірнеше мәрте баспасөздің қатысуымен халықпен кездесу өткізді. Сондай-ақ, барлық қалалық мәдени шараларға қатысты. Қала басшысы соңғы рет БАҚ алдына мұғалімдердің қалалық тамыз кеңесі кезінде шықты. Таяу уақытта Серік Шапкенов облыс басшысы Нұрлан Ноғаевпен бірге мұғалімдердің облыстық тамыз кеңесіне қатысады. Атырау әкімінің БАҚ өкілдері үшін есігі ашық және әрдайым журналистердің сұрағына жауап беруге дайын», - делінген баспасөз қызметі жазған жазбада.
Еске сала кетейік, Серік Шапкенов 14 шілдеден бері Атырау қаласының әкімі қызметін атқарып келеді.
С.Шәпкеновтің соңғы атқарған қызметі - ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастырушылық-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы.
Туған күні: 29.07.1979
Туған жері: ҚазКСР; Орал облысы; Қаратөбе ауданы; Қаратөбе кенті
Білімі, мамандығы, лицензиясы - Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (2000), Экономист-математик
Еңбек өтілі:
Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы (2000-2001);
Батыс Қазақстан облысы әкімінің қоршаған ортаны қорғау қорының жетекші маманы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің табиғатты пайдалану дирекциясының жетекші маманы (2001-2002);
Батыс Қазақстан облысы әкімінің қаржы басқармасының жетекші, бас маманы (2002-2006);
Батыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті бөлімінің басшысы, БҚО ауыл шаруашылығы департаменті директорының орынбасары (2006-2007);
Батыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары ( 2007 жылдан);
БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы (09.2009-01.2012);
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (01.2012-27.08.2012);
Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары (27.08.2012-12.2014);
ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастырушылық-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы (01.2015 жылдан)
Дереккөз: Іnform.kz