Фото: airastana.comҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті өз сайтында: 16 қыркүйекте сағат 11.00-де департамент кеңсесінде (Атырау қаласы, Авангард-4 ықшамауданы, 3 «в» үй) әуе тасымалдаушылар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етудің шекті тарифін бекіту жөніндегі «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ өтініші бойынша жұртшылық тыңдауы басталады деген хабарлама берді.
Бізге монополияға қарсы департаментте түсіндіргендей, әуежай қауіпсіздік қызметі мынадай қызмет түрлерін атқарады: әуежайдың бақылауға алынған аумағына бөтен тұлғалар мен көлік құралдарының кіруіне жол бермеу, тұрақтағы әуе кемелерін тексеру және күзету, әуе кемелеріне қару-жарақтардың, жарылғыш заттардың және басқа да қауіпті заттарды алып кіруге жол бермеу. «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ 2014 жылдың 1 тамызынан бастап ұшақ салмағының тоннасы үшін 465 теңге көлемінде авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тариф бекіткен болатын. Монополист өз өтінімінде тонна үшін тарифті 777,82 теңге көлемінде бекітуді, яғни, 1,6 есе өсіруді сұрайды.
АҚ билет бағасының қымбаттауы негізгі құралдарды техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған 2017-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру қажеттілігінен туып отыр деген уәжін келтіреді. Жаңа тарифті енгізу осы жылдың 1 желтоқсанынан басталады деп күтілуде.
Департамент қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, «Атырау халықаралық әуежайы» тарифтің өсуінің әуе тасымалдаушылар қызметінің жалпы бағасына әсер ету мүмкіндігі туралы ешқандай мәлімдеме жасамаған. Алайда, әуе тасымалдаушылар өз шығындарының бір бөлігін қалай болғанда да жолаушылар есебінен, яғни, әуе билеттерін қымбатсыту арқылы жабатыны белгілі.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ