«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме байқауының өңірлік кезеңі өтті.
Көрме 11-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр, бірақ біздің облыстан байқауға қатысушылардың cаны көбеймей отыр. Республика деңгейінде өз жетістіктерімен жиырма шақты қатысушы бөліскісі келеді. Мүмкін, өндірісті дамытуға біздің мұнайлы өңіріміздің ерекшелігі әсер етіп отырған болар. Басқа өңірлерде бизнесмендер – халық тұтынатын тауар өндірушілердің, сол секілді байқауға қатысушылардың саны үнемі өсіп отыр. Ал бізде ұмытпасам, қатысушылар саны 39-ға дейін өсті, бұл 2012 жылы болған жағдай.
Биыл байқауға 22 кәсіпорын мен жеке кәсіпкер қатысып отыр. Көпшілігі (15) «Халыққа арналған үздік тауарлар» сыйлығына ұсынылған. Байқау ұйымдастырушысы ретінде қазір «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның әр өңірдегі өкілдіктері шығып отыр. Кейбір қатысушылар облыс тұрғындарына жақсы таныс – бұл «ЖігерМұнайСервис», «Карат», өткен жылы «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында бірінші орынды иеленген тігін-трикотаждық өнімдері тиесілі «Өнерпаз» ЖШС-тері, кәсіпорын тарихы өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастау алады. Бүгінде «Өнерпаз» ЖШС атыраулықтарға 16 қызмет түрін ұсынады: тігін-трикотаждық бұйымдарды тігу, химиялық тазалау, кір жуу және т.б.
Байқауға жаңадан қосылғандар арасында «Полимер Продакшн», «CENTECH», «Толепбек Би» ЖШС-тері бар. «Полимер Продакшн» компаниясы қазылар төрелігі мен көрермендерге көпшілік қолдануға арналған биаксиальді-бағдарланған полипропиленді пленканы ұсынды. «CENTECH» ЖШС электртехникалық бұйымдарды шығарумен айналысады. «Толепбек Би» ЖШС қалбырланған тосаптар мен тұздалған өнімдер шығаруды жақында ғана қолға алған. Ардақ ТӨРЕҚҰЛОВА өз өнімін жолдасы Дарханмен бірге Жылыой ауданындағы дүкендерге жеткізеді және әзірге облыстық нарыққа шыға қойған жоқ. Бірақ, қай сарбаз генерал болуды армандамайды. Сол сияқты ерлі зайыптылар да байқауда бақтарын сынағысы келеді.
Жеңімпаздар күннің екінші жартысында анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында бірінші орынды «Жігермұнайсервис» ЖШС жеңіп алды, екінші орын «Рауан Налко», үшінші орын «Полимер Продакшн» ЖШС-іне берілді.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясының жеңімпазы болып «Заман групп» ЖШС танылды, екінші орынды «Насиха» ЖШС иеленді, үшінші орын «Өнерпаз» ЖШС-іне тиді. «Амангелді» ӨК мен «“Інжу маржан" профилакторийі» ЖШС балықшылары «Азық-түліктік үздік тауарлар» номинациясында тиісінше бірінші және екінші орынды жеңіп алды, ал үшінші орынды ет қалбырларын шығаратын «Карат» ЖШС-іне берді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор