Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 19 жастағы С.Р.-ге қатысты әкімшілік істі қарады.
11 тамызда кіші полиция сержантының формасын киген бұл жас жігіт «Насиха» базарында ұсталған болатын. Оның құқыққорғау органдарына ешқандай қатысы жоқтығы анықталды.
Сотта С.Р. өз кінәсін мойындап, форманы «Дина» базарынан өзін полицей ретінде сезіну үшін сатып алғанын айтып берді. Ол мұны бала күнінен армандапты.
Тексеру оның жүйке жүйелері аурулары диспансерінде есепте тұрмағанын көрсетті.
Облыстық соттың баспасөз қызметіхабарлағандай, С.Р. ӘҚБтК-нің 675-бабы (Айырым белгiлерi және (немесе) нышаны бар әскери киiм нысанын, сондай-ақ нысанды киiм мен арнаулы киiм-кешектi заңсыз киiп жүру (пайдалану)) бойынша кінәлі деп танылып, 10 605 теңге айыппұл салынды. Полицей формасы мемлекет кірісіне тәркіленді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ