Атырау, 28 сәуір 00:33
 ашықВ Атырау +23
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Оқиғалар тізбегі

1 547 просмотра

Жексенбіде таңертең ертемен «Батыс-30» экипажы Жұмыскерден жол қозғалысы ережесін бұзған «Hundai» көлігін тоқтатуға тырысқан. Алайда жүргізуші полицейлердің талабына бағынбайды. Қуғын барысында «Hundai» Жұмыскер-Балықшы көпіріне кілт тоқтап, одан бес жігіт түсіп, тым-тырақай қаша жөнеледі. Полицейлер екі жігіт пен бір қызды ұстайды. Көліктің алдыңғы түні Абай көшесінің бойындағы үй ауласынан ұрланғаны анықталды. Қожайыны көлігінің ұрланғаны туралы полицейлерден біледі. Ұсталушылар Атырау ҚІІБ-не жеткізіліп, тергеу-жедел тобына табыс етілді. ҚР ҚК-нің 200-бабы (айдап кету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

***

Құлсарыда 30 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол 4 тамызға қараған түні көшеде тұрған «Тойота-Хайлюкс» көлігінің төрт дөңгелегін үшкір затпен тесіп тастаған. Полиция бұзақылық себептерін анықтауда.

***

Тамыздың 12-не қараған түні жол-патруль полицей қызметкерлері Сарыөзек маңындағы ветеринарлық бақылау қосынынан қала маңындағы Бірлік поселкесінің 24 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Дэу-Нексия» көлігін тоқтатты. Көліктің жүксалғышынан жаңа ауланған 40 келі бекіре еті табылды. Тыйым салынған жүк жүргізушінің 39 жастағы ауылдасына тиесілі екен.

***

Полицияға 13 тамызға қараған түні Баймұханов көшесіне қойылған «Хундай-Элантра» көлігінің 32 жастағы қожайыны шағымданды: белгісіз біреу бөтелке лақтырып, көлік капотын бүлдіріпті. Бұзақылық жасады деген күдікпен 18 жастағы қала тұрғыны ұсталды.

***

Тамыздың 12-іне қараған түні белгісіз біреулер Сәтпаев пен Владимирский көшелерінің қиылысында дөңгелегі жарылып қалған соң жүргізушісі қалдырып кеткен (артық дөңгелегі болмаған) «Лада» көлігін ұрлап айдап кетті. Таңға қарай көлік Сәтпаев бойындағы аулалардың бірінен табылды. Көлік айдап әкетушілер іздестірілуде.

***

«Қалта ұрлығы» жедел-алдын алу шараларының барысында №30 автобус маршрутынан 43 жастағы жолаушының ұялы телефонын ұрлады деп күдіктелген 44 жастағы әйел ұсталды. Тергеу жүргізілуде.

18 тамыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.