Мақат аудандық прокуратурасы жұмысқа орналастыру кезінде орын алған бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.
Осыған дейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 638 адам жүгінген екен. Олардың 363-і бүгінде жұмысқа орналастырылған. Енді әлі де 401 адам жұмыссыздар ретінде тіркеліп отыр.
Мақат ауданы прокурорының міндетін атқарушы Мақсат ШАРИПОВТЫҢ айтуынша, «Жұмыспен қамту туралы» Заңның 28-бабы 2-тармағының 1-тармақшасы бойынша жұмыс беруші бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) болуы туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына жіберуге міндетті.
- Алайда 4 мемлекеттік мекеме мен 4 жеке сектордағы ұйымдар осы жылы 19 жұмыс орны бос тұрғанын аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарламаған. Өз еріктерімен адамдарды жұмысқа алған. Прокурорлық тексеру кезінде 6 мемлекеттік ұйым 31 жұмыс орны бос тұрғанын аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарламапты, - дейді Мақсат Шарипов.
ҚР ӘҚБтК-нің 98-бабына («Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасын бұзу») сәйкес, жеті мемлекеттік мекеме мен төрт жеке сектордағы ұйым басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА