Атырау облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасы әділет органдарымен, сот орындаушыларымен, шекара қызметі және басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп, борышкерлерді іздестіру бойынша жедел іс-шарасын жүргізді.
- Алимент төлеуден жалтарушылар мен борышкерлерді іздестіру осы саланы реттейтін нормативтік құқықтық актілердің және ҚР ІІМ-нің бұйрығы негізінде жүргізіледі, - дейді ІІД Көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы Нұрлан БИСЕКЕНОВ. - Сот ұйғарымы түскеннен кейін борышкерлерге қатысты мәліметтер облыстық ІІД ақпараттық-аналитикалық орталығының есептеріне қойылады және тұрғылықты мекенжайлары анықталғаннан кейін есептен шығарылады.
Жыл басынан бері 60-қа жуық алимент төлеуден жалтарушыға іздеу жарияланып, 50-ден астам тұлғаның мекенжайлары анықталған. Сонымен бірге жыл ішінде 178 борышкер іздестіріліп, 136 адамның тұрғылықты мекенжайлары анықталған.
Шара барысында екі жыл іздеуде жүрген 31 жастағы ер адам жүргізуші куәлігін ресімдеу кезінде анықталған. Сонымен бірге, Ресейде жүрген үш, Грузияда жүрген бір борышкерге іздеу жарияланған. Ал бір жыл алимент төлеуден қашып жүрген 38 жастағы ер адам пойызға билет сатып алу кезінде ұсталды.
- Борышкерлер мен алимент төлеуден жалтарып жүргендердің тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтау қиындық туғызып отыр. Өйткені, олар көрсетілген мекенжайда тұрмайды, уақытша пәтер жалдап, тұратын мекенжайын жиі ауыстырады, уақытша жұмысқа жалданады немесе мүлдем жұмыс жасамайды. Кейде туыстары олар туралы жалған мәлімет береді. Осындай жағдайлар қайталанса тиісті орындар шарасын алады, - дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА