Атырау ҚІІБ криминалдық полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын кәсіп қылған 32, 22 және 21 жастағы үш адамнан құралған қылмыстық топты ұстады. Үшеуі де бұрын сотталған.
Полицейлердің жорамалы бойынша, олардың үлкені ұйымдастырып отырған. Бұл топқа биылғы жылдың маусымы мен тамызы арасында жасалған 16 ұрлық бойынша айып тағылып отыр. Ұрылардың өз «қолтаңбасы» болған – пәтерлерге кілт салу арқылы кіріп отырған. Қожайындар үйде жоқ кезде, сағат 10-нан 17-ге дейін әрекет еткен. Ұрланған заттар ломбардқа тапсырылған. Бүгінде оның бір бөлігі алынды. Ең ірі ұрлық – олар Азаттық даңғылы бойындағы пәтерден жалпы сомасы 7,5 миллион теңге болатын зергерлік бұйымдар және қолма-қол теңге мен доллар ұрлаған.
ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша (ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Ұсталушылар уақытша ұстау абақтысына қамалды. Олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ