Фото: 25stanley.comРио Олимпиадасында өнер көрсеткен 56 келідегі ирландиялық боксшы Майкл Конлон ширек финалда төрешілердің шешімімен ресейлік Владимир Никитиннен ұтылып қалды. Бірақ, бұл шешімге 2015 жылғы әлем чемпионы келіскен жоқ. Кездесуден кейін төрешілердің сатылып кеткенін айтып сұхбат берді. Өзінің твиттердегі парақшасында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге: «АИБА-ға қанша ақша төледің?» - деп сауал тастады,- деп хабарлады BNews.kz.
«Мені енді Олимпиада ойындарынан көрмейсіздер. Жалпы, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) өткізетін турнирлерге қатыспауға кеңес беремін. Олар жемқорлар, нағыз жемқорлар. Барлығы сатылып кеткен. Әуесқой бокс басынан бақайшағына дейін жемқорлыққа малынып кеткен. Ол жерде нағыз ұрылар отыр. Қандай жағдай болмасын мен өзімді жеңілдім деп санамаймын. Жеңімпаз ретінде қала беремін. Тек бүгін мен бұл ұйымның қаншалықты сатылып кеткенін барша әлемге көрсеттім», - дейді Конлан.
Ирландия боксшысы Лондон Олимпиадасында 52 келіде қола жүлдегер атанған. Ал былтыр Дохадағы әлем чемпионатында 56 келіде әлем чемпионы атанған боксшы.
Дереккөз: BNews.kz