Бүгін, 16 тамызда Атырауда Тайманов даңғылы мен Жарбосынов көшесінің қиылысында полицей көлігінің қатысуымен жол көлік оқиғасы орын алды.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, шамамен сағат 7.10-да «Тойота Корола» екінші кезектегі көшеден даңғылға шығар кезде негізгі жолмен келе жатқан қызметтік «Санг Йонг» көлігіне жол бермеген. Соқтығыс салдарынан полицей көлігі жолдан шығып кетіп, жарық беретін электр бағанына соғады. Ешкім қатты зардап шеккен жоқ.
- Апат жағдайын тексеру кезінде Тойотаның 1991 жылы туылған жүргізушісінің мас күйде болғаны анықталды. Бұл наркодиспансер сараптамасының қорытындысымен расталды. Оның да, оның екі жолаушысының да орташа дәрежеде мас екендігі анық болды, - дейді Г.Мұхтарова. – Сонымен қатар, Тойота жүргізушісінің биылғы жылдың ақпанында мас күйде көлік құралын басқарғаны үшін үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.
ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-тармағы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті оқиға куәгері жолдады