Бір апта бұрын «АЖ»-ға далада қара түтіні будақтап, жанып жатқан алаудың бейнежазбасы түскен еді. Кадр сыртындағы дауыс мұның 4 тамызда орын алғанын, алаудың ТШО-ға тиесілі екенін растады.
Біз Атырау облыстық табиғат қорғау прокуроры Владимир МАЛАХОВҚА сауал жолдадық. Жауап 15 тамызда келді, бірақ экология департаментінен. Бас мемлекеттік экологиялық иснпектордың міндетін атқарушы Асфандияр НАСИЛОВ табиғат қорғау прокуратурасы тексеру тағайындамайынша, шығарынды фактісін анықтауға мүмкіндік жоқ екендігін, сонымен қатар, оның қолданыстағы қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатпен қарастырылғанын хабарлады.
Ол департаментке «Теңізшевройл» ЖШС-нен 2016 жылдың 1 тамызы мен 10 қыркүйегі арасында шикі газ айдау, екінші тынысты зауыт және кәсіпшілік технологиялық қондырғылары мен жабдықтарына күрделі жөндеу жұмыстары, сонымен қатар дайындық шаралары жоспарланғаны туралы хат түскенін атап өтті. Аталмыш жұмыстар газ өртеумен жүргізілуі мүмкін екендігі ТШО хатында көрсетілген.
Бұдан басқа, А. Насилов «ТШО-да «2016-2018 жылдарға атмосфераға тасталатын ластаушы заттар шығарындыларының шекті-рұқсат етілген нормативтерінің жобасына» мемлекеттік экологиялық сараптама, сонымен қатар мұнайгаз кешеніндегі Экологиялық бақылау комитеті берген қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат бар. Осы құжатқа сәйкес, 2016 жылы компанияға 77 296 тонна көлемінде ластаушы заттар шығарындыларын шығаруға рұқсат етілгенін» хабарлады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ