Атырау, 28 қараша 15:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Қарттықты қарсы алу үшін адамға басқа не керек?

2 961 просмотра

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы «Бизнес Аймақ» бағдарламасын қолдау кезінде ашылған кәсіпкерлік нысандармен таныстыру үшін баспасөз турын ұйымдастырды.

Өткен жылы Атырау облысында кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша «Бизнес Аймақ» ауылдарға 200 миллион теңгеге несие бөлді, 49 жоба жүзеге асырылды, 111 жұмыс орны ашылды.

2016 жылы 150 миллион теңге бөлінді, жыл басынан бері 110 миллион теңгеге 21 нысан іске қосылды. Несиенің төменгі сомасы – 500 мың теңге, жоғарғы сомасы – 17 миллион теңге. Несие 7 пайызбен 4 жылға беріледі.

Несие алып, өз ісін ашуға қорықпаған жандардың бірі Кеңесбай БАҚЫТОВ ақсақал. Адам жасы бизнеске кедергі болмайды деп шешкен 71 жастағы Кеңесбай аға жобаға өтініш берген. Екі жыл бұрын зейнеткерліктегі инженер-механик кәсіпкерлікпен айналысуды – Аққыстау ауылының тұрғындары үшін шағын наубайхана ашуды ұйғарған. «Бизнес Аймақ» бағдарламасы бойынша ол 4,5 млн теңге мөлшерінде несие алды. Ғимарат салып, жабдықтар сатып алып, жұмысшылар жалдады. Бүгінде алғыр зейнеткер «Бекнұр» цехының тәулігіне 1500-ге дейін бөлке нан пісіріп, ауыл тұрғындарының нан өнімдеріне сұранысының басым бөлігін қамтамасыз етіп отыратындығын мақтан ете алады. Наубайханада екі ауысыммен 6 адам жұмыс істейді.

58 жастағы Балсия МЕҢДІҒАЗИЕВА зейнеткерлік демалысқа шығуға әзірленуде, зейнеткер болғанда немен айналысатынын да біледі.

- 2014 жылы ұлым менің өтінішім бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бизнес жобалар байқауына қатысуға өтініш берген еді. Біз 2 млн теңге мөлшеріндегі мемлекеттік грантты ұтып алдық. Бір миллион бір жүз мың теңгеге жүн өңдейтін аппарат, қалған 900 мыңға – тігін жабдықтарын сатып алдық, - деп әңгімелейді Балсия апа.

Бала-келінінің көмегімен қолөнер шебері осылайша өз ауласынан тұтас өндіріс – жүн өңдеп, ұлттық көрпе тігетін цех ашып алды. Шағын отбасылық кәсіпорын айына 220 келіге дейін жүн өңдейді, 30 көрпеге дейін тігеді. Шағын кәсіпорынға басты тапсырыс берушілер – келіндер. Тек Исатай ауданының ғана емес, Балсия апаға жасау тіктіру үшін бүкіл облыстан қыздар келеді.

Исатай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Рафиғат ТӘЖИДЕНОВАНЫҢ айтуынша, жыл аяғына дейін ауданнан жаңа 30 бизнес жобасын ашу жоспарланып отыр: 13 нысан «Бизнес аймақ» бағдарламасы бойынша, алтауы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша іске қосылады, 11 кәсіпкер өз қаржысына ашады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 тамыз 2016, 12:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.