Атырауда қыркүйекте шақпақ қант өндіретін алғашқы цех іске қосылады.
Атырауда шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша 313,5 млн теңге сомада екінші деңгейлі банктердегі несиелер бойынша субсидиялар алу үшін тоғыз жоба мақұлданды. Түрлі санаттағы 23 кәсіпкер грантқа үміткер болды. Атап айтқанда, «Береке Компаниялар тобы» ЖШС жалпы сомасы 31 миллион теңгені құрайтын несиеге субсидия алды.
Бөлінген қаражат шақпақ қант өндірісі үшін қажет жабдықтарды сатып алуға жұмсалады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан нысанды келесі айдың ортасында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Кәсіпкер Әсет ТҰЯҚБАЕВ ғимаратты жалға алған, енді толық қуаттылығы тәулігіне 6 тонна қантты құрайтын жабдықтың жеткізілуін күтуде. Бастапқыда цех тәулігіне 1,5 тоннаға дейін шақпақ қант өндіруді көздеп отыр. Шикізат Атырауға Алматы мен Ресейден келетін болады. Жаңа өндіріс 3 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
- Мен бұрын біздің облысымызға шақпақ қант жеткізумен айналыстым, бұл өнімнің кең сұраныста екенін білемін. Қантты осы жерде нығыздау өнім құнын төмендетуге мүмкіндік береді, - дейді Әсет Тұяқбаев сеніммен.
Зульфия ИСКАЛИЕВА