Атырау, 28 қараша 15:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Бекіре тұқымдастар құрып кетпеуі тиіс

5 060 просмотра

Бекіре тұқымдастар – бұлар көне тұқымдастарынан ұзақ өмір сүрген, қазіргі жағдайда тіршілік етуге бейімделген және сүйегі көп балықтармен (қара балықпен) салыстырғанда, даму барысында бірқатар артықшылықтарға ие болған балықтар.

Бекіре тұқымдастар кәсіпшілігін қолдаушылар (А. Н. Державин, Н. Л. Гербильский, И. А. Баранникова, Н. Е. Песериди және басқа ғалымдар) ең алдымен, олардың бірегей экологиялық бейімділігін, олардың арасында тұщысулы (сүйрік) және өткінші (өзен-теңіз-өзен) түрлері бар екенін атап өтті.

Бекіре тұқымдастар арасында «жаздық» және «күздік» топтар бар, оларды аулау мерзімі бекіре тұқымдастардың шабақтарын өсіру биотехнологиясы үшін тиімді.

Мәселен, бекіренің тұқымдық балықтарының жыныс безінің төртінші-бесінші жетілу кезеңдерінде өзенге көктемгі және жазғы кіретін кезін пайдалана отырып, бекіре өсіру зауыттарының жұмыс маусымын ұзартуға болады.

Бекіре тұқымдастардың ұрығы (шоғалы), сонымен қатар, аналық жасушасы (уылдырық) сүйегі көп балықтарға қарағанда, ұрықтану қабілетін едәуір ұзақ сақтайды. Бекіре тұқымдастар қара балықтармен салыстырғанда тұщы суда да, тұзды суда да мекендейді, 12-ден 24 градусқа дейінгі су температурасына бейімделген. Сарыуыз қапшығында шоғырланған қоректік заттардың құнарлылығы жоғары болғандықтан, бекіре тұқымдастардың дернәсілдері инкубация орнынан өзен сағасына ағып кеткенде төзімді болады.

Бекіре тұқымдастардың барлық түрі кеуде, бүйір және арқа жүзбеқанаттары бар жыртқыштардан қорғалған.

Тіршілік еткен алғашқы күні аман қалған бекіре тұқымдастың шабағы су қоймасындағы жыртқыштарға қолжетімсіз болады.

Дегенмен де, біз бүгін факт алдында тұрмыз: бекіре тұқымдас балықтар мен олардың табиғи өсіп өнген ұрпақтары Жайықта жоқ. Ал теңізде Волга мен Жайықтағы бекіре өсіру зауыттарының тиісті цехтарында ұрықтандырылған, инкубацияланып, өсірілген бекіре тұқымдастардың популяциясы тіршілік етуде.

Мәселе неде? ҚазБШҒЗИ Атырау филиалының ғылыми хатшысы К.ИСБЕКОВ атаған себептерге («АЖ», 21 шілде 2016 ж.), тағы бірнешеуін қосар едім: бұл лимит бойынша бәсекелестікпен-қанағатсыздықпен балық аулау, «крышалы» браконьерлік және мемлекеттік құрылымдардың қорғау органдарындағы қайта құру айла-тәсілдері. Мәселен, жоғарғы оқу орындары мен колледждердің студенттерімен кездесу кезінде мен әлі күнге дейін «Балық қорларын қорғау, өсіп-өндіру және балық аулауды реттеу» маңдайшасының жоғалу себебін түсіндіре алмаймын.

Бұл маңдайша «Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» деген маңдайшаға ауыстырылды.

Балық қорлары, өсіп-өндіру және балық аулауды реттеу деген сөздерді кім «жұтып қойды» деген сұрақ еріксіз туындайды. Ендеше мемлекетке су полициясы мен экологиялық прокурор неліктен қызмет етуді жалғастырып келеді? БАҚ арқылы «Бекіре-2016» қорғау науқанының бүкіл көктемгі маусымында біреулерден 2,5 келі уылдырықты тәркілеп алғанын халыққа жария ету үшін бе? Алайда, бекіре тұқымдастарға не істеу керек деген сұраққа нақты жауап беру керек болса, мен төмендегілерді ұсынамын:

1. Жайық өзеніндегі бекіре өсірушілікті табиғи және жасанды әдістермен жүргізуге болады: а) бекіре балықтары болашақта (10-15 жылдан кейін) Жайық арнасында сағадан Аққала селосына дейін уылдырық шашуға бейімделе алуы үшін ең болмағанда 2017 жылдан бастап мелиоративтік жұмыстар кешенін бастау керек (тайызды ойлы-шұқырлы жерлерді тегістеп, жағалаудағы су басқан жағалауларды қоқыстар мен үйінділерден тазарту, ағаштардың түбірлерін, ағаш тамырларын, бұталарды қопарып қазып алу, тегіс ағындылық пен сулылықты қамтамасыз ету, балық қыстайтын шұңқырлардың түбін қоқыстардан, металл детальдар мен суға кеткен бөренелерден тазарту).

Өзеннің осы Атырау-Аққала учаскесінде Кори уылдырық торын құруды және бинтралмен сүзуді үзбеу керек. Жалпы облыс бойынша балық шаруашылығын тиімді жүргізу бойынша ақпараттық дерекқор жинау үшін үнемі қызмет ететін ғылыми-ихтиологиялық қосындар ашу керек; б) Жайықты, өзеннің тармақтары мен алқаптарының ескі арналарын, сағаларын күрделі және ағымдық мелиорациялау шаралар кешенін қаржыландыру үшін, сонымен қатар, ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жұмыстарды орындау үшін Ұлттық банктен «Жайық саулығы үшін» жинақтаушы есепшотын ашу керек. Әділет органдарына тіркелген бүкіл шаруашылық нысандары, қалай болғанда да, Жайық өзенінің бассейні табиғатының арқасында тіршілік етуде. Сондықтан баршасы осы қорға ақша төлеуі тиіс. Қорға тек республиканың Балық шаруашылығы комитеті ғана қожайын бола алады; в) күрделі және ағымдық мелиорация бойынша мердігерлік жұмыстарды орындау үшін Балық шаруашылығы комитеті өзендегі кеме шаруашылығымен келісе алады. Өзеншілерде шөмішті және грейферлі жүзбелі көтергіш крандары, балшық сорғыш кемелер, баржалар, брандвахталар және т.б. техникалар бар. Оның үстіне, флоттағы жігіттер қауырт, апатты және мемлекет тапсырмаларын шалағай орындамайды.

2. Жайық пен Каспий теңізі тұтастай қазақстандықтардың меншігі болмағандықтан, балық аулауды мемлекетаралық келісімнің квоталары мен лицензиялары бойынша енгізу керек. Мұнда облысымыздағы кооперативтік балық аулауды тек өзен сағасының аймағында ғана (Золотой-Яицкий тармақтарының айрығына дейін), ересек бекіре тұқымдастарды міндетті түрде уылдырық шашу орнына өткізу және бассейннен және тоғаннан балық аулау әдісімен өсіріп-өндіру арқылы балық қорларының орнын толтыру жөніндегі міндетті шартпен жүргізу керек.

3. Табиғатта табиғи өміршеңдік болмағандығына және болмайтындығына байланысты, бекіре тұқымдастарды жасанды тәсілмен өсіру қажеттілігі айдан анық және даусыз. Алайда экономикалық кәсіпкерлік тұрғысында қазіргі бекіре өсіруші 3-5 грамм шабақтарды 5-10 келі тауарлық салмаққа дейін өсіруді жалғастыруға құқылы болуы және осындай бекірелерді мейрамханалар мен корпорацияларға жеткізуден пайда көруі тиіс.

4. Барлық кәсіпкерлерге, экономистер мен қарапайым тұтынушы-балық жеушілерге «бекірелердің, әсіресе олардың уылдырықтарының өзгеше жоғары тағамдық және дәмдік сапалары» деген тұжырымға күмәнмен қарауға кеңес беремін. Егер балық етінің дәмдік сапасы ақуыздың, көмірсулар мен майлардың пайыздық құрамымен бағаланатын болса, онда қара балық уылдырығының құндылығын анықтау мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Осы ақиқатты анықтауды кім міндетіне алады?

5. Жайық өзенін, оның сағалары мен теңіздің қайраңды аймағын, әрине, балық қорларына қол сұғылудан қорғау керек. Бұған кімнің дауы бар? Алайда, браконьерлер мен олардың аулау құралдарынан қорғай отырып, балық қорларын сақтау туралы да ойлау керек қой. Бүгінгі күні қолданылатын балық аулаудағы заң бұзушылықтарды ашу әдістері балық қорларын сақтауға мүмкіндік бермейді.

Мәселен, браконьерлік ау-торлар анықталған кезде ихтиолог-инспектор өзінің міндеттерін атқаруға кіріседі: дереу браконьер торын судан шығарады, балықты шығарып, егер тірі болса, суға жібереді. Бұл ау-құрал қандай жағдайда (ұзындығы, тор көзі, дауыл, тымық, су температурасы, ауға түскен балық түрі, олардың көлемі мен массасы, кім куәгер және т.б.) табылғаны туралы өзінің қызметтік журналына жазады. Ал заңгер полицейдің міндетіне заң бұзушылықтың анықталғаны туралы баянат толтыру кіреді. Бірақ құрылған браконьерлік ау құралы табылған кезде ол ихтиолог-инспекторға қалай көмектесу керектігі жөнінде емес, ау құрған тұлғаның кінәсін дәлелдеу жөніндегі экопрокурордың талаптары туралы ойлайды. Ал тірі балықтардың қорын толықтыру көрсеткіштері бұл есептемелерде болмайды, ешкім балық қоры туралы сұрамайды.

Менің ойымша, қолдарында балық аулауға лимиттік рұқсаты бар балықшыларды енді Золотой, Яицкий сағаларынан және теңізден шығар кезде шлагбаумдар арқылы өткізу керек. Ал ықтимал браконьерлер мен «қазанға балық сұраушыларды» өткізбеу керек, яғни, олар үшін бұл шлагбаумдарды жауып тастау керек.

Айтпақшы, ықтимал браконьерлерді анықтау үшін орман, жануарлар, құстар, балықтарды қорғайтын әр ведомствода алфавиттік кітап бар. Бұл құқық бұзушылар бойынша өзіндік дерекқор. Мемлекеттік қызметтің қорғау органдарының «қамқорлығы» болмаса, браконьерлікті жоюға болады.

Әбіш БЕКЕШЕВ, зейнеткер, ихтиология ардагері

11 тамыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.