Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 1 қыркүйектен бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының (ҚТГА АӨФ) газ құбырларында газ тасымалдау бойынша жаңа тарифі енгізілетін болады.
Ол 39 пайызға өсіп, мың текше метр үшін 1 769,42 теңгені (ҚҚС-сыз) құрайды.
Бұл тұтынушылар тобы – тұрғындар, заңды тұлға, жылумен қамтушы мекемелер бойынша бағаларға қаншалықты әсер етеді? Осыған қатысты редакция сауалына ҚТГА АӨФ директорының бірінші орынбасары Талғат ҚЫЗЫЛБАЕВ ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне (ТМРжБҚК) филиалдың тұтынушылар тобы бойынша тариф мөлшерлері ұсынылған хабарламаны жолдағанын, қазір Атырау облысында газдың ақырғы бағасы анықталып жатқанын айтты.
Қызылбаев сонымен қатар, газ тасымалының тарифі бұрын жоспарланғандай 4,5 есеге емес, үштен бір есеге неліктен көтерілгенін мәлімдеді: «Филиал бастапқыда жалпы сомасы 4 млрд 887 млн теңгеге «2016-2020 жылдарға газ тарату жүйелерін қалпына келтіру және қолданыстағы активтерді қолдау» инвестициялық бағдарламасын әзірледі. Қоғамдық тыңдау барысында газ тасымалының тарифін күрт көтеруге жол бермеу мақсатында Атырау облысының әкімдігі жалпы сомасы 2 млрд 588 млн теңгедегі инвестициялық бағдарлама шараларының бір бөлігін жергілікті бюджеттен қаржыландыруды ұсынды. Осыған байланысты Атырау облыстық ТМРжБҚК департаменті мен ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ортақ бұйрығымен жалпы сомасы 1 млрд 147 млн теңгеде аталмыш инвестициялық бағдарлама филиалға бекітілді».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ