Бүгін таңертең Атырауға ҚР премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ жұмыс сапарымен келді.
Оның жанында үкімет пен президент аппаратының шенеуніктер тобы, соның ішінде энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ, инвестициялар және даму жөніндегі вице-министр Альберт РАУ, ұлттық экономика вице-министрі Айдар АРИФХАНОВ, қаржы вице-министрі Руслан ДӘЛЕНОВ, ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Сәкен СӘРСЕНОВ, ауылшаруашылығы вице-министрі Ерлан НЫСАНБАЕВ, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ, білім және ғылым вице-министрі Эльмира СУБХАНБЕРДИНА, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВ, «Қазмұнайгаз ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Сауат МЫҢБАЕВ, ҰКП басқармасының тқрағасы Аблай МЫРЗАХМЕТОВ болды.
Премьер-министрдің ұшағы 30 минуттан сәл астам кешігіп келді. Оны Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ пен оның бірнеше орынбасары қарсы алды. Мәсімов Атырау халықаралық әуежайына жалпы ұшып келу залы арқылы кіріп, ол жерден күту залына, содан соң ұшып шығу залына бағыт алды. Әуежай ғимаратын қарап, қауіпсіздік жүйесімен танысып шыққан соң, ол ұшу жолағындағы тікұшаққа қарай қозғалды. Бозымбаевтың, облыс әкімінің және бірнеше тұлғаның еруімен Қашағандағы D аралына ұшып кетті. Жұмыс тобының басқа мүшелері облыс әкімі орынбасарларының іссапар бойынша әзірлеген бағдарламасы шеңберінде түрлі нысандарға тарап кетті. Премьер министр мен делегация мүшелері бағдарлама бойынша бүгін Нұрсаяда салынып жатқан «Жерұйық» тұрғын үй кешеніне, облыстық ХҚКО-на, «Caspian Royal Fish» ЖШС тауарлық-бекіре фермасына, «Каспиймұнайгаз ҒЗИ» ЖШС зертханасына, «Жігермұнайсервис» ЖШС-нің бұрғылау қашауларын шығаратын зауытына және «АМӨЗ» ЖШС-не баруы тиіс.
Премьер министр Атырауда сағат 18-ге дейін болып, осы жақтан Ақтауға ұшып кетеді деп ұйғарылып отыр.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН