«АЖ»-ға әуежай трассасында орналасқан құрылысы аяқталмаған «1200 орындық концерт залын жақын маңдағы үйлердің тұрғындары мен құрылыс компанияларының қызметкерлерінің талапайлап жатқаны туралы шағымдар түсуде. Біз облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тілек МАХУОВТАН ахуалға түсінік беруді өтінген едік.
– Неліктен осындай ауқымды нысан салынып бітпеді және оны пайдалануға беру келешегі бар ма?
– Нысан құрылысын 2010 жылы «СнабОйлСтрой» ЖШС құрылыс компаниясы бастаған еді. Мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес, бастапқы құны 3,8 млрд теңгені құрады. Құрылыс артық төлем жүргізілуі себепті тоқтатылды. 2013 жылғы 22 ақпандағы сот шешімімен мердігерден сот-құрылыс сараптамасының қорытындысына сәйкес анықталған 1,001 млрд теңге мөлшеріндегі артық төлемді өндіріп алу ұйғарылды.
2013 жылы жергілікті бюджет есебінен техникалық тексеруге және ЖСҚ-ға (жобалау-сметалық құжаттама) түзету жасатуға 20 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде жобаны түзету жұмыстары аяқталуда. «ҚазҚСҒЗИ» АҚ қорытындысына сәйкес, концерт залының салынған болат және темірбетон құрылымдары жобалау шешімі мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Құрылысты аяқтауға қосымша 5 млрд теңгедей қажет. Бұл мәселе 2014 жылдың 10 қыркүйегінде облыстық мәслихат сессиясында қаралып, осы жобаны аяқтауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мақсатқа сай емес деген шешім қабылданды.
– Нысанда күзет бар ма?
– Иә. Бұл қызмет облыстық құрылыс басқармасы мен тендер ұтып алған күзет компаниясының арасында жасалған келісімшартқа сәйкес төленеді.
– Құрылысты мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы аяқтау туралы мәселе қарастырыла ма? Сіздің басқарма осы жобаға кәсіпкерлерді тарту мақсатында хабарландыру жариялады. Ниет білдірушілер бар ма?
– Қазір құрылысты аяқтаудың бірнеше нұсқалары, соның ішінде, мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы жұмыс жасау қарастырылуда. Бірақ әзірге нақты ұсыныс түскен жоқ.
– Концерт залының күмбезі (әсіресе әуежай жақтан) күннен күнге «жалаңаштануда». Демек, құрылым детальдарын ұрлау тоқтамай тұрғаны ғой..
– Мен сізбен келіспеймін. Күмбез құрылымын орнату жұмыстары аяқталған жоқ, олар құрылысты тоқтатқан сәттен бастап тоқтатылды. Нысандағы ұрлықтың және басқа да криминалдық құбылыстардың алдын алумен тендер ұтқан күзет мекемесі айналысады. Нысанға күзет қойылған кезең ішінде тек ұрлықтың екі жағдайы ғана тіркелді.
– Ұрлық жоқ, мүмкін тозығы жеткендіктен нысан құрылымы ішіне қарай құлап түсіп жатқан болар?
– Жоқ, олай болып жатқан жоқ.
– Біртіндеп бұзылып жатқан нысанның ішінде балалар ойнайды деген шағымдар түсіп жатыр ма?
– Жоқ, ондай болған жоқ. Бүгінгі күні нысанда қайғылы жағдайлар тіркелген жоқ. Қажетінше олардың алдын алумен сол күзет мекемесі айналысады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН