Бүгін, 5 тамызда Атырау облыстық сотында тергелуде жүрген қоғамдық белсенділер Талғат АЯН мен Макс БОҚАЕВ үшін бұлтартпау шарасы туралы мәселе бойынша отырыс өтті. Естеріңізге салсақ, өткен аптада олардың тергеу изоляторында 2 ай болу мерзімі өтіп, бірінші инстанция сотының шешімімен (бұл №2 Атырау қалалық соты) оларды қамауда ұстау тағы бір айға ұзартылған еді.
Әдеттегідей, Макс Боқаев пен Талғат Аянды достары мен туыстары қолдауға келді, дегенмен белсенділердің өздерін облыстық сот ғимаратына әкелмеді. Тура таңертеңгі сағат 10-да қолдау тобы мемлекеттік мекеме қақпасының алдында тұрды, алайда полицейлер қақпаны тарс жауып, адамдарды аумаққа кіргізуден бас тартты. Сот қызметкерлерінің бірде біреуі бұлай жасауға кімнің өкім еткенін айта алмады.
Біраз уақыт өткен соң жиналғандарға облыстық соттың баспасөз қызметінің өкілдері шығып, адамдарды ғимарат ауласына кіргізді. Адамдар сот аумағындағы отырғыштарға жайғасты, көпшілігі адвокаттардың хабарын түрегеп тұрып күтті. Жақын жердегі зерігіп кеткен полицейлер мен облыстық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің қызметкері Артур АЙТМАҒАМБЕТОВ Аян мен Боқаевтың достарының, туыстарының жандарына қосылды. Айта кету керек, ол бұрынғыға қарағанда, аз сөзді болды.
Сағат 12-де қолдау тобына белсенділердің адвокаты Төлепқали АЯНОВ шығып, Макс Боқаевты қамау жөніндегі апелляцияны қарау аяқталғанын хабарлады. Облыстық соттың апелляциялық алқасы №2 Атырау қалалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Ол изоляторда 31 тамызға дейін қалады. Адвокат Талғат Аянға қатысты шешімнің жариялануын күтпей, тергеу абақтысына өз қорғалушыларына жүріп кетті. Ол шешім бойынша да Боқаевтың апелляциясы сияқты қорытынды күтетіндігін айтты.
…Макс Боқаев пен Талғат Аянның қылмыстық ісі 72 томнан тұрады. Онымен жете танысуға қорғаушы тарап пен тергелушілер таяу айдағы уақыттарын жұмсайды.
Марат ТАКУЛИН
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор