Рио-де-Жанейро қаласының жүздеген тұрғыны Олимпиада алауын наразылық шеруімен күтіп алды. Олар Олимпиада ойындарына қомақты қаржы бөлуге қарсылық білдірді, деп хабарлайды Bnews.kz.
Полиция наразылық шеруіне қатысушыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Рио тұрғындары Олимпиада алауы өтетін жолды жауып тастаған.
Олимпиада алауы сәрсенбі күні кешке желкенді кемемен Рио-де-Жанейро қаласына әкелінген. Алауды қала мэрі Эдуардо Паес күтіп алған. Жоспар бойынша алауды бүкіл шаһар аумағымен алып жүру көзделген болатын. Оның ішінде қаланың кедей аудандары, Кешірімді Иса ескерткіші, «Маракана» стадионы бар. Бірақ, наразылық акциясы нәтижесінде бағдар өзгеріске ұшырады.
Олимпиада алауы Бразилия астанасына Грекиядан биылғы жылдың мамырында жеткізілген. Осы уақыттан бері 12 мың адам Олимпиада алауын елдің 300 қаласымен алып жүрді.
Айта кетейік, Рио Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі 5 тамызда болады.
Дереккөз: BNews.kz