Атырау, 28 қараша 15:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жаңа емхананың жыры

2 076 просмотра

Махамбет ауданы Алға ауылындағы жаңа емхана 2014 жылдың наурызында пайдалануға берілген болатын. Осы күнге дейін бұл нысан жергілікті атқару органдарының балансына берілмесе де, проблемасы баршылық.

Ғимарат сайда орналасқан. Жаңбыр жауғанда емхана ғимаратының айналасына су жиналады. Мамандардың пікірінше, жердің дұрыс нығыздалмауынан және құрылысы сапасыз жүргізілгендіктен ғимарат отырып жатыр.

- Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады, үш айдан соң құрылыс кезінде жіберілген қателіктер біліне бастады. Әуелі кафель плиталары түсті, - дейді Алға ауылындағы жаңа емхананың аға дәрігері Раушан БЕРДЕН (суретте). – Ал, кейін қабырғаларда жарықтар пайда болды. Құрылыс мердігері «АтырауКапстрой» ЖШС кафельдерді қайта жаңартып салып берді. Ғимарат төбесіндегі жарықтардан су өтпес үшін сыртқы бөлікке суағарлар жасады.

Уақыт өте келе жарықтар арасы үлкейіп, егу бөлмесі, дәлізде, әжетханада үлкен жарықтар пайда болған.

- «АтырауКапстрой» ЖШС бізге кепілдік мерзімі өтіп кеткенін хабарлап, құрылыс кемшіліктерін түзеуге міндетті емес екенін айтты. Ал біздің ол жарықтарды бітеуге шамамыз жоқ. Оның үстіне, атқарылған жұмыстардың қабылдау актісі жоқ ғимаратты жөндеуге біз бюджеттен де қаржы ала алмаймыз, - дейді Р. Берден.

Тағы бір проблема – судың жоқтығы.

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Азамат АЙМАНАКУМОВТЫҢ ақпараты бойынша, қыста емханада су болған, оны ескі құбырмен жеткізіп отырған. Қазір жаңа су құбырын тарту жұмысы жүріп жатыр.

- Су болады, - деп уәде етті А.Айманакумов.

Махамбет аудандық ауруханасының бас дәрігері Ермек САБИРОВТЫҢ айтуынша, қазір ғимарат құрылысын жүргізген мердігер ісімен қаржы полициясы айналысуда екен.

Сондай-ақ, жағдайға облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тілек МАХУОВ түсінік беріп өтті:

– Махамбет ауданы Алға ауылындағы жанұялық-дәрігерлік амбулатория 2015 жылдың 25 желтоқсанында пайдалануға берілді. Махамбет аудандық орталық ауруханасы жанұялық-дәрігерлік амбулаторияның теңгерім ұстаушысы болып белгіленді. Нысанды балансқа тапсыру мерзімі мердігер мекеменің нысан құрылысына қатысты құжаттардың (техникалық төлқұжат, жер телімінің мемлекеттік актісі және т.б.) жоғалтып алуына байланысты кешіктірілуде. Қазір осы құжаттарды қайта жасақтау жұмыстары жүріп жатыр. Кепілдік мерзімінің бітіп кеткеніне қарамастан, біз мердігер мекемеге пайда болған жарықтарды жою туралы тапсырма бердік.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 тамыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.