Атырау, 25 қараша 01:17
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Нысандарды тіркеу «жыры» бітер емес

3 484 просмотра

Бүгінгі күні мемлекет меншігіндегі газ және электр нысандарының 90 пайызы мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Олар үшін техникалық құжаттамаларды дайындау өткен жылдың аяғында аяқталуы тиіс еді. Бірақ, дүйсенбі күні болған облыстық әкімдіктегі мәжілісте бұл мерзімнің кейінге қалдырылғандығы белгілі болды.

Облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВТІҢ айтуынша, осы мәселеге орай өткізіліп жатқан мәжілістерге және бастысы-«ОблТрансГаз» КМК, БТИ және «Жер ресурстары ғылыми өндірістік Орталығы» мекемелеріне аударылған миллиондаған бюджет қаржысына қарамастан бүгінгі таңда 4 мыңнан аса нысан тіркелмеген күйі қалып отырған көрінеді. Б.Жантеміровтің сөзіне қарағанда, облыстық бюджеттен газшілерге 73 млн. теңге бөлінгенімен де «ОблТрансГаз» электр нысандары бойынша бірде бір құжатты халыққа қызмет көрсету орталығына  тапсырмаған.

«ОблТрансГаз» КМК бастығыБауыржан ТҰХФАТОВ бар жауапкершілікті әділет департаменті мен халыққа қызмет көрсету орталығына артуға тырысты. Оның айтуынша, олар барлық тиісті құжаттар мен қаржыны өз уақытында аударған көрінеді. Өз кезегінде облыстық әділет департаментінің бастығы Ернар БАСПАЕВ төлемдер өткен жылдың 31 желтоқсанында аударылғандығын мәлімдеді. Облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының өкілі оларға құжаттардың 2010 жылдың соңғы күні түскендігін хабарлады. Аудан әкімдері мен Атырау қаласының әкімі нысандар бойынша құжаттарды өз уақытында тапсырғандарына сендірді.

Осынау салғырттыққа ашу шақырған облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ «Атырау-Жарық» АҚ-ын мысалға алды. «Оларда облыстық электр желілерінің 80 пайызы бар және олардың құжаттарының бәрі дұрыс, ал, сіздер 20 пайызды тіркеуден өткізе алмай отырсыздар»,- дей келіп, істі ақыр аяғына дейін шұғыл түрде аяқтауға бұйрық берді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

13 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.