ІІД криминалды полиция және ҚІІБ қызметкерлері «Дина» базарындағы саудагерлердің пәтерлерін тонаумен және ұрлыққа түсумен айналысқан Өзбекстанның үш азаматын ұстады.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, қаскөйлер базардағы саудагерлердің ізіне түсіп, оларды мекенжайларына дейін «шығарып салып», ал олар үйлерінен шығып кеткен кезде, баспаналарына түсіп, бағалы заттарын ұрлаған.
23 шілдеде сағат 15-те олар үйде ешкім жоқ деген есеппен Дружба көшесіндегі пәтерге түседі. Алайда үй иесі әйел үйде болған. Сол кезде қылмыскерлер күш қолданып, оның 50 мың теңгесін, алтын сырғасы мен планшетін алып кеткен. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы («Тонау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
18 маусымға қараған түні олар Авангардтағы 2-ші ықшамауданда сыртқы есіктің құлпын бұзып, пәтерге кіріп, одан компьютер мен құндыз ішікті алып кеткен.
20 маусымда Лесхоз ықшамауданындағы үйлердің бірінен қылмыскерлер пластик терезені ығыстырып шығару арқылы пәтерге түсіп, ноутбук пен алтын әшекейлерді ұрлап кеткен. Келесі күні Лесхоз ықшамауданында қожайындары таңертең жұмысқа кеткен кезде терезені сындырып пәтерге түсіп, компьютердің қосалқы бөлшектері мен неліктен екені белгісіз, қожайындардың құжаттарын алып кеткен. Осы үш факт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ