Ұлттық банктің Атырау филиалының басшысы Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ пен оның орынбасары Айгүл ИБРАЕВА Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктердің жұмысы туралы әңгімеледі.
Жылдың бірінші жартысында Атырау облысындағы банктер 82,7 млрд теңге несие берді. Бұл өткен жылдың қаңтар-маусымына қарағанда 22,4 пайызға аз. Ұлттық валютада несиелер беру 17,7 пайызға (67,9 млрд теңгеге дейін), шетелдік валютада – 38,5 пайызға (14,8 млрд теңгеге дейін) төмендеді. Тұтынушылық мақсатқа 33,3 млрд теңге берілді – 15,4 пайызға аз, жалпы көлемде тұтынушылық несиелер бұрынғыша едәуір бөлікті құрайды (40,3 пайыз).
Ұлттық валютада заңды тұлғаларға берілген несиелер бойынша сыйақының орташа безбенделген мөлшерлемесі 16,7 пайызды, жеке тұлғаларға – 17,7 пайызды құрады.
Несие белсенділігінің төмендігін мамандар 325,3 млрд теңге мөлшерінде несиелер бойынша бережақтар бар екендігімен түсіндіреді. Оның басым бөлігін заңды тұлғалардың қарызы құрайды, олар, әдетте, ұзақ мерзімді несиелер алады. Жеке тұлғаларға келер болсақ, бұл секторда белсенділік жаппай сатылымдар басталған кезде жыл аяғына жақын басталады.
Өткен жылы ұлттық валютадағы депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің көбеюі олардың өсіміне елеулі әсер етті. 2016 жылғы 1 шілдеде депозиттер бойынша қалдықтар 2,5 есеге көбейіп, 350,6 млрд теңгеге жетті. Мұнда жеке тұлғалардың депозиттеріндегі қаржылар қалдығы 66,7 пайызға, ал заңды тұлғалардың қаржылар қалдығы содан 4 есе жоғары көбейген.
Статистика валюта нарығында белсенділіктің төмендегенін көрсетіп отыр. 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында айырбастау қосындары халыққа 137,3 млн АҚШ долларын сатты (бұл 65,1 пайызға аз). Еуро бойынша сатып алулар 37,2 пайызды, ресейлік рубль бойынша 31,8 пайызды құрады. Осы уақыт ішінде айырбастау қосындары тұрғындардан 82 млн доллар (0,8 пайызға аз), 2,2 млн еуро (29 пайызға аз) және 631,1 млн Ресей рублін (44,4 пайызға аз) сатып алған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор