Енді ниет білдірушілердің барлығы мемлекеттік табиғи «Ақжайық» резерватының бірегей табиғатымен таныса алады. Құрлықпен, сумен жүретін және балаларға арналған арнайы туристік маршруттар жасақталды. Бұл туралы толығырақ «Ақжайық» резерватының экологиялық ағарту бөлімінің бас маманы Балымгүл ІЗМҰХАНОВА әңгімелейді.
Балалар маршруты «Табиғат әлемі» деп аталады. Кішкентай туристер қаладан автобуспен шығып, Дамбы жаққа қарай бет алады. Бірінші аялдама – бекіре өсіру зауытының жаны. Ол жерде балалар балық өсіру кәсіпорнының жұмысы туралы біліп, балық аулайтын учаскеге аяқ басады. Содан соң маршрут бөгет бойымен өтеді. Балалар қамыс-қоғалармен қоршалған тасыған су аңғарын, аққулар тобын көреді. Жалпы маршрут екі ландшафтың шекарасымен өтеді: бір жағынан бұл ылғал сүйетін өсімдіктері бар батпақтанған жазық, екінші жағынан – құрғақ тақыр жерлер. Гид құстардың ерекше қорғалатын түрлері туралы әңгімелейді. Құстарға бақылау жасау үшін дүрбісі және биноклі бар арнайы шолу алаңы бар. Бұл жерден қарабай құсын, үлкен және шағын аққұтанды, сұрқұтанды, сұңқылдақ аққуды, қасқалдақты, шағалаларды, шүрегейлерді, дала бозторғайын және басқаларды көруге болады. Мониторингтік алаңда гид балаларды осы жердегі алуан түрлі өсімдіктер әлемімен таныстырады.
Балалар маршрутының екінші бөлігі игерілген ауыл шаруашылығы жерлерін бойлай өтіп, Жаңаталап поселкесіне соғады. Бұл жерде балалар құс салып, аңға шығу ерекшеліктерін әңгімелейтін және мұның іс жүзінде қалай жасалатынын көрсететін нағыз бүркітшілермен танысады. Сонымен қатар, киіз үй қалашығына бару қарастырылған.
Құрлықтағы «Дала әлемі» маршруты 34 шақырымды құрайды. Ересектерге арналған бұл бағыт Еркінқала поселкесі арқылы өтеді. Жол бойында – бақша учаскесі, киіз үй қалашығы, шолу алаңы және бақылау мұнарасы жатыр. Бұл маршрутта біз туристердің назарын желқума, Каспийдің су режимінің үнемі өзгерісі секілді табиғи құбылыстарына аударғымыз келеді. Гид жергілікті жердің тарихы туралы әңгімелейді. Жол бойында кеуіп қалған Каспийдің түбінің көркем «айлы» ландшафы ашылады. Маршрут туристер құнарсыз жазықтың бойымен саяхат жасағаннан кейін өсімдіктер қалың өскен канал жағасынан шығатындай етіп құрылған. Бұл жерде құстар ұя салады, қабандарды, түлкілер мен қояндарды көруге болады.
Ұзындығы 64 шақырымды құрайтын «Су әлемі» маршруты қызықты. Жол Атыраудан Пешной жартыаралына бағыт алып, Каспий теңізіне шығады. Дамбы поселкесінен Пешнойға дейінгі 6-шы шақырымда туристерге суда жүзетін және су маңында мекендейтін құстардың тіршілік ететін жерлерін көру мүмкіндігі ұсынылады. Теңіз жағалауындағы каналдан олар балық пен шабақтарды бақылай алады. Қонақтарға арналған үйде азғана демалғаннан кейін туристер гидпен қайықтарға жайғасып, су айдынымен қызықты саяхатқа аттанады. Маршрут «Су лабиринті» рекреациялық аймағымен өтеді. Бұл жерде - көркем пейзаждар, қамыстар аралы орналасқан. Содан соң қайық Каспиймен шығысқа қарай қозғалады. Ол жерде түрлі құстардың көптеген мекендері бар.
Жоғарыда аталған маршруттар іске қосылды, гид-экскурсия жетекшілері туристерді алдын ала келісілген уақытпен қорық жерлеріне апара алады. Рас, БАҚ-тар мен әлеуметтік желілердегі хабарландыруларға қарамастан, «Ақжайық» табиғи резерватының бірегей табиғатымен танысуға ниет білдірушілер әзірге көп емес.
Қызықты саяхатқа шығуға ниет білдірушілер З.Қабдолов даңғылы, 25-құрылыс мекен-жайындағы «Ақжайық» табиғи мемлекеттік резерваты» мемлекеттік мекемесінің кеңсесіне тікелей жолыға алады. Байланыс телефоны 45 72 11.
Жазып алған Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті «Ақжайық» резерваты ұсынды