Атырау облысында екі мыңнан астам жануар сырқат, олардың 51-і өлген. Билік олардың қожайындарына 100 пайыздық өтемақы төлеуге ниетті.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВТЫҢ айтуынша, 30 маусымнан бастап Құрманғазы ауданында мүйізді ірі қара малында індет басталған – кейбір жануарлардың қызуы көтеріліп, терілерінде жара пайда болған.
Жергілікті ветеринарлар сырқат себебін анықтай алмады. Ал шақыртылған орталық республикалық зертхана мамандары сырқат малдардың сынамасынан нодулярлы дерматит вирусын анықтады. Бұл жұқпалы ауру дене қызбасымен, теріде көптеген түйіншектер пайда болуымен, лимфа жүйесінің, кілегейлі қабықтардың зақымдануымен, тері асты шелінің домбығуымен сипатталады. Сондықтан да оның «бұлдырмақ ісік» деген атауы бар.
– Бұл вирус бізге Ресей Федерациясынан келді – бұдан бұрын індет ошақтары Шешенстанда, Дағыстан мен Ставрополь өлкесінде тіркелген еді, - деп хабарлады Нақпаев. – Сырқат африкалық континенттің үй жануарларына тән. Оны ұшатын жәндіктер тасымалдайды. Бүгінгі күні 2043 мүйізді ірі қара сырқатқа шалдыққан, оның 51-і өлді. Мамандар 343-ін антибиотиктердің көмегімен емдеп шығарды. Қазір қалған мал басын құтқару үшін қажетті процедуралар жүргізілуде. Шүкір, қазір біз бұл сырқаттың себебін және онымен күресу әдісін білеміз. Аудандық бюджеттен вакциналар мен дәрі-дәрмектер сатып алынатын қаржылар бөлінді. Бұл вирустың адамдар үшін қауіпсіз екенін, өйткені жануардан адамға жұқпайтынын атап өтемін.
Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Құрманғазы ауданына сапары барысында кешіктірмей малдар сырқатқа шалдыққан аймаққа карантин жариялауға тапсырма берді. Ол өлген малдардың иелеріне нарықтық құны бойынша мемлекеттің 100 пайыздық өтемақы төлейтіндігіне кепілдік берді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА