26 шілдеде atyrau.gov.kz сайтының Атырау қаласының әкімдігі деген бөлімінде келесі мазмұндағы хабарландыру жарияланды.
«Қалалық әкімдік Атырау қаласы, Жұмыскер ауылдық округі, Балықшы-Жұмыскер көпірі маңындағы Жайық өзені жағалауында иесіз қалдырылған кеме және суда жүзу құрылғыларын шығару жұмыстарын жоспарлап отыр. 1) Атырау қаласы, Балықшы-Жұмыскер көпірі маңындағы жеке кәсіпкер М.Нұрмашеваның атына тіркелген «Дебаркадер» кемесі; 2) Атырау қаласы, Жұмыскер ауылы маңында Жайық өзенінің оң жақ жағалауында жатқан бұрынғы «Атырау балық» акционерлік қоғамына қарасты жүзбелі уылдырық зауыты (ИПЗ №6) және «Краб» кемесі; 3) бұрынғы «Атырау балық» акционерлік қоғамының кеме айлағында жатқан «Каспий Фиш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Ақтау» кемесі және Әзірбайжан Республикасының «ПТС» кемесі.
Жоғарыда аталған кеме және суда жүзу құрылғылары иелерінен төмендегі байланыс телефондарына хабарласуды сұраймыз:
1) 8 (7122) 271264 (факс), 8 7789957992 - Атырау қаласы әкімі аппаратының Төтенше жағдай және әскери-жұмылдыру жұмысы бөлімі (Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, №77а үй, қалалық әкімдік ғимараты, 1-қатар, №106 қызмет бөлмесі);
2) 8 (7122) 254459, 254451 (факс), 8 7013387002 - «Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, №101а үй, 2-қатар, №5 қызмет бөлмесі)».
Біз қалалық әкімдіктің төтенше жағдай және әскери-жұмылдыру жұмысы бөлімінің маманы Рахим КЕНЖЕҒҰЛОВПЕН хабарласқан едік. Ол қала әкімі Серік ШАПКЕНОВТІҢ Атыраудың келбетін бұзып тұрған Жұмыскер поселкесі маңындағы тат басқан кемелердің мәселесін бір апта ішінде шешуге тапсырма бергенін хабарлады. Хабарландыру кеме қожайындары қалалық әкімдікке хабарласып, содан соң өз кемелерін алып тастауы үшін жарияланған. Егер қожайындары табылмаса, ТКШ бөліміне иесіз кемелерді бөлшектеп кесіп, металл сынықтарына тапсыруға тапсырма берілді.
Мұат СҰЛТАНҒАЛИЕВ