25 шілдеде Лесхоз-2 ықшамауданында қоқыс контейнерлеріне жақын маңда пайда болған стихиялық қоқыс өртенді. Өрт жалыны тұрғын құрылыстарға өршуі мүмкін еді, алайда өрт сөндірушілер оны дер кезінде ауыздықтап үлгерді.
Үйілген қоқысқа көз тастап, бұл жерге ұзақ уақыт бойына тұрмыстық қалдықтардан бөлек құрылыс материалдарын, қураған шөптерді, металл бөшкелер мен көлік дөңгелегінің тыстарын лақтырып үйе бергенін түсінуге болады. Мәселені ең алдымен жергілікті тұрғындарға қою керек, өйткені қоқысты шетке емес, көлік жүретін жолдың қасына, тіршілік қайнаған жеке секторға үйіп тастаған.
"Арнаулы автобаза" директоры Мұратбек МАХАНОВ телефон арқылы сөйлескен кезде бұл жағдай туралы хабардар екенін, неліктен адамдардың бұлай жасайтынын түсінбейтінін айтты:
- Мұндайды қаланың әр ауданынан дерлік табуға болады. Бізге қатты тұрмыстық қалдықтардан бөлек ірі габаритті қоқыстарды шығарудан басқа амал қалмайды. Осы үшін бізге ешкім алғыс айтып жатқан жоқ. Тұрғындар ерте ме, кеш пе, біздің аумақты тазартатындығымызға көздері жеткен. Алайда ірі габаритті қалдықтарды олар біздің полигонға өздері әкелуге тиіс.
Марат ТАКУЛИН