Фото: meydan.tvТүркия премьер-министрінің орынбасары Мехмет Шимшек президент Режеп Тайып Ердоған тамызда Ресейге сапарлап, осы ел президенті Владимир Путинмен кездесетінін хабарлады. Екі ел президенті Ердоған түркиялық әскерилердің ресейлік әскери ұшақты түсіруіне байланысты "өкініш білдіргеннен" бері алғаш рет кездеспек,- деп хабарлады Азаттық.
Түркияның мемлекеттік Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Шимшек Ердоған мен Путин 9 тамызда Санкт-Петербургте кездесетінін айтқан.
2015 жылы қарашаның 24-і күні Түркия әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшағы «әуе кеңістігімізге кіріп кетті» деп, Ресейдің СУ-24 ұшағын атып құлатып, ұшқыш қаза тапқан. Бұл оқиғадан кейін Режеп Тайып Ердоған «Ресей ұшағының Түркияның Сириямен шекарасын бұзып кіргенін, бірақ өз елінің ұшақ ату оқиғасына қатысты Ресеймен қарым-қатынасын ушықтырғысы келмейтінін айтқан. Ресей президенті Владимир Путин бұл оқиғаны «ту сыртымыздан берілген соққы» деп атап, Түркияға санкция жариялаған.
Маусымның соңында Ердоғаннан Кремльге ұшқыштың қазасына көңіл айтқан хат жолданған. Путин бұл хат екі жақты қарым-қатынастардағы "дағдарыс басын жабуға" мүмкіндік берді деп мәлімдеген.
Путин Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті басылған соң Ердоғанға телефон соғып, Түркия билігін қолдайтынын білдірген. Кремль екі ел басшысы таяу уақытта кезедсетінін растаған.
Дереккөз: Аzattyq.org