1 маусымдағы ахуал бойынша, Атырау облысында жеке тұрғын үй құрылысына телімдер алуға 82 мыңнан астам кезекке тұрушылар тіркелген. Оның 72 мыңнан астамы Атырау қаласында.
Бұл цифрлар өңірлік коммуникациялар қызметінде Атырау облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Гүлбаршын АРЫСТАНОВАНЫҢ (суретте) қатысуымен өткен брифингте айтылды. Биылғы жылдың 5 айы ішінде 641 жер телімі бөлінген, соның ішінде 450-і облыс орталығында. Жыл аяғына дейін қала маңындағы ауылдардан 2300 телімді бөлу жоспарланған.
Г.Арыстанованың айтуынша, қазір облыстағы бүкіл елді-мекендерді қала құрылысы құжаттамасымен қамту жүргізілуде. Ал бізде екі қаланы есептемегенде, олардың саны - 164. Бас жоспарға сәйкес, Атырау қаласының құрамына 18 елді мекен, соның ішінде қала маңындағы 16 ауыл (Балықшы, Жұмыскер, Рембаза, Ракуша, Ақжайық, Водников, Көкарна, Құрсай, Геолог, Бірлік, Новокирпичное, Томарлы, Ақсай, Ақжар, Талғайраң және Теңдік разъезі) мен Махамбет ауданының екі ауылы (Алмалы және Береке) кіруге тиіс. Нәтижесінде облыс орталығының аумағы 16 566 га-дан 45 871 га-ға дейін көбейеді.
Жаңа бас жоспар Атырау аумағын шартты түрде он алты тұрғын ауданға бөледі. Қаланы кешенді экологиялық бағалау негізінде «желілік» нұсқа таңдалды, ол қаланың солтүстік бағытта дамуын жобалайды.
2015 жылы 48 елді мекенді, соның ішінде қала маңындағы 8 ауылды толық жоспарлау жобасымен бірге жеңілдетілген бас жоспарлар жасалды. 2016 жылы 54 ауылдың жеңілдетілген бас жоспарын әзірлеу басталды. Биылғы жылдың аяғында облыстың 139 елді мекені қала құрылысы құжаттарымен қамтылуы тиіс.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор