Атырау қалалық соты Атырау облыстық ішкі істер департаментінің ақыл-ойында ауытқуы бар адамға берген жүргізуші куәлігін жарамсыз деп таныды.
Жүргізуші куәлігін жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс бойынша талап-арыз беруші - құжат берген орган, яғни, ІІД, ал жауапкер – бұрын куәлік алған адамның өзі болып табылады.
Сот азамат А-ға «В», «С» санаттарындағы жүргізуші куәлігі берілгенін, бірақ кейін 2015 жылдың басында оның облыстық жүйке аурулары диспансерінде «жеңіл дәрежеде ақыл-ойының ауытқуы бар» деген диагнозбен есепте тұрғанын анықтады. Мұндай сырқатпен көлік құралдарын басқаруға тыйым салынған.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сот шешімімен жүргізуші куәлігі жарамсыз деп танылды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА