Құрманғазы аудандық прокуратурасы тексеру барысында жоғары білім туралы жалған диплом пайдалану фактісін анықтады.
Құрманғазы ауданы Алға ауылының 30 жастағы тұрғыны 2015 жылдың маусым айында Аслан есімді азаматпен сөз байласып, 300 000 теңгеге Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетін «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша бітірді деген диплом сатып алған. Осы дипломмен ол Алға ауылындағы «Ақмарал» балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа орналасады.
- Сот-техникалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, ЖБ №0457785 сериялы диплом тегіс баспамен және электрографикалық көшірме техникасының бейне салу компьютер принтері арқылы жасалған. Университеттің басшылығы да мұндай дипломның ешкімге берілмегенін растады, - дейді Құрманғазы ауданы прокурорының орынбасары Магилан РАХИМОВ.
Аудандық прокуратура ҚР ҚК-нің 385-бабы 3-тармағымен («Көрінеу жалған құжатты пайдалану») қылмыстық іс қозғады. Жуырда Құрманғазы аудандық соты үкім шығарып, сотталушыға 53 025 теңге айыппұл салды.
Жалған диплом жойылып, әйел қызметінен босатылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА