Ашхабадта Түрікменстан ақсақалдар кеңесі елдің жаңа конституциясын қабылдауға қамданып жатыр. Отырыс осы жылдың 14 қыркүйегіне белгіленген, деп хабарлайды Baq.kz.
14 қыркүйекте Кеңесті шақыру туралы жарлық пен оны өткізу мәселелері туралы қаулыға ел президенті Гурбангулы Бердымухамедов (суретте) қол қойды.
Бұған дейін 2008 жылдың қыркүйегінде ел президенті бастамасымен өткен конституциялық реформа нәтижесінде Түікменстанның қазіргі конституциясы қабылданған болатын. 2014 жылдың мамырында мемлекет басшысы конституцияны жаңарту туралы тағы да бастама көтеріп, Түрікменстанның негізгі заңнамасын жетілдіру бойынша конституциялық кеңес құру туралы жарлыққа қол қойды. Ол кезде мұны Бердымухамедов конституцияны Түрікмен мемлекетін саяси және әлеуметтік-экономикалық дамытудың қазіргі заманғы ахуалына сәйкестендіру қажеттігімен түсіндірген.
Осы жылдың ақпанында конституцияның жаңа редакциядағы нұсқасы жалпыхалықтық талқылау үшін БАҚ-қа жарияланды. Жаңа жобаның қолданыстағы конституциядан айырмашылығы, президенттің ел басқару мерзімі бес жылдан жеті жылға ұлғайтылмақ. Сондай-ақ президент тағына іріктеуде бекітілген жас мөлшерінің жоғарғы шегі алынып тасталды. Қолданыстағы Конституцияда шекті жас мөлшері 70 жас деп межеленген еді.
Осыған қарап, еріксіз алпысты алқымдап қалған президент жетпіске дейін ел басқармақ ойы бар ма деген ойда қаласың.
Дереккөз: Baq.kz