Атырауда нан бағасы орташа алғанда 10 теңгеге қымбаттады. Егер бұрын ақ бидай ұнынан пісірілген бөлке нан 55-65 теңгеден сатылса, енді 70 теңге болды.
Атыраудағы наубайхана иелерінің айтуларынша, бұған ұнның қымбаттауы себеп болған.
- Бұрын біз тұрақтандыру қорынан дотациялық ұнның бір келісін 60 теңгеден алатын едік. Оралдан тиеп, Атырауға жеткізу есебімен біз құны 65 теңгеден ұн алдық. Бірақ енді тұрақтандыру қорындағы арзан ұн бітіп қалды, бізге оны басқа жақтан сатып алуға тура келеді. Ал ол қымбаттап кетті. Мәселен, жоғарғы сұрыпты ұн жақында ғана 86 теңге еді, енді 103 теңге болды, - дейді қаладағы наубайханалардың бірінің иесі. – Әрине арзандау жерден іздейміз, бірақ шикізат бағасының айтарлықтай көтерілуі негізгі өнімнің бағасына әсер етпей қоймайды.
Бөлшек бағада ұн орташа алғанда 60-70 теңгеге қымбаттады. Мәселен, «Цеснаның» бір келісі бір апта бұрын 190 теңгеден сатылды, енді 260 теңге болды. Наубайхана қожайындарының пікірінше, ұнның қымбаттауы - ескі қорлар сарқылып, жаңасы әлі түспеген маусымға байланысты болуы мүмкін. Оған қоса, элеваторлар жоспарлы профилактикалық жұмыстарға және жөндеуге қойылған.
- Біз қазір ірі нан өнімдерін өндірушілерге сұраныстар жібердік. Ахуалға талдау жасап, баға өсімінің қаншалықты объективті екенін қараймыз, - деді Атырау облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаменті басшысының орынбасары Болат СҮЛЕҒАЛИЕВ. – Егер монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы анықталса, тергеу ісін ашатын боламыз.
Тамара СУХОМЛИНОВА