Атыраудағы «Фламинго» би ұжымы Сочиде өткен «На творческом Олимпе» атты Халықаралық XVI фестиваль-байқауында жеңімпаздардың біріне айналды.
Байқауға Ресей мен Қазақстаннан 200-ден астам жас таланттар қатысты. Балалар түрлі номинациялар: классикалық, музыкалық шығармалар, эстрадалық хиттар, көркем сөз, мюзикл, драмалық қойылымдар, сонымен қатар, халық, эстрадалық және заманауи билер бойынша сайысты. Қазылар қатаң әрі білікті болды: В.Назаров атындағы Мемлекеттік ұлттық өнер музыка театрының бас балетмейстері Андрей ГЛУЩЕНКО; заманауи және эстрадалық «Диана» хореографиясының көркемдік жетекшісі және хореографы, Сочи өнер колледжінің жоғарғы санатты оқытушысы Дина ГРОЗДЕВА; Краснодар өлкесінің мәдени-бұқаралық іс-шараларының қоюшы режиссері Людмила ПАХОМОВА.
Ресей ұжымдарының көпшілігі толық құрамда Сочиге алғаш келіп отырған жоқ. Жас әртістен бастап олардың ата-аналарына дейін қатысушылардың барлығына өз таланттарын көрсетуге мүмкіндік берілді. Иә, аналары да кәсіби деңгейде билей алады!
«Фламинго» бишілері үшін халықаралық байқау олардың Ресей сахнасындағы дебюті болды. Ұжым қатарынан бірнеше жүлделі орындар алды. «Фламинго» би мектебі «Хореографиялық шығармашылық» номинациясында 2-орын алды, ал Тоғжан ИСАТАЕВАНЫҢ және Томирис ЖАКУПОВАНЫҢ орындауындағы «Орыс биі» дуэті және Томиристің жеке өнері 2-ші дәрежелі дипломдармен бағаланды.
Байқаудан бөлек балалар Андрей ГЛУЩЕНКОНЫҢ «Бидегі актерлік шеберлік. Заманауи шоу-бағдарламалардағы қозғалыс энергиясы» тақырыбында шеберлік сабағынан өтуге мүмкіндік алды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор