Атырау, 28 қараша 19:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Бізге «Бес минуттан соң өлесіңдер» деді»

2 381 просмотра

«Брест қамалын қалпына келтіруге қатысу» - бұл музейге бару, фильм қарау емес, уақыт машинасының көмегімен сол уақытқа оралу. Осыдан кейін «Брест қамалы» фильмін көзіңе жас алмай қарау мүмкін емес, - деп өз әсерімен бөліседі «Атырау-Брест» әскери-патриоттық экспедиция жетекшісі, танымал іздеуші, Атырау мұнай және газ институты музейінің директоры Талғат ИЛЬЯСОВ.

Ұйымдастырушылардың айтуларынша, биыл қалпына келтіруге қатысуға ниет білдірушілер көп болыпты. Қатаң іріктеу жүргізілген: тәртіп сақтау қажет, форма образға сай болуы тиіс. Нәтижесінде көпшілігі қабылданбай, ниет білдірушілердің оныншы бөлігі ғана шақырту алған. Қатысушылардың көптігі сондай, бастапқыда атыраулық делегация бос қонақүйге бронь жасай алмады. Баспананы Қазақстан консульдығы арқылы табудың сәті түсті. Негізінен қатысушылар балаларымен келді. Бұл дұрыс, өйткені, патриотизм тақырыбында жүз дәріс тыңдағаннан гөрі, өз атаңның немесе арғы атаңның қалай шайқасқанын бір рет көрген артық. Бұрынғы КСРО республикаларынан келушілер бірден ортақ тіл тапты, өйткені олардың мақсаттары бір арнаға тоғысатын еді.

Қалпына келтіруге өте жауапты дайындалды. Ұйымдастырушылар даярлық өткізіп, бәріне 10 данадан бос патрондар таратты.

– Режиссер біздің командамызға: бес минуттан кейін өлесіңдер деді... Мен оларға, оларыңыз не, біз бес минуттан соң өлу үшін сонау Қазақстаннан келдік пе, ұялсаңыздаршы... дедім. Бәрі күлді, ал неміс формасындағы жігіт – бәрібір өлесіңдер, тіпті атып да үлгермейсіңдер деді... Уақытында көре жатармыз дедім. Негізінен 1941 жылғы 22 маусымдағы взводтардың позициясын дайындадық. Мәселен, біздің взводтың сценарийі: бастапқыда дүрбелең болады, өйткені сол кезде ешкім ештеңе түсінбеді ғой, бұл оқу-жаттығу ма, әлде соғыс па деп. Бес минуттан кейін алғашқы шабуыл жасалып, кері бастапқы орынға (казармаға) кетеді. 10 минуттан кейін екінші шабуыл жасалады да біз бәріміз сол жерде өлуге тиіспіз, - деп әңгімелейді Талғат.

Делегаттардың барлығы үшін қалпына келтіруге қатысу үлкен оқиға болды. Олар алғаш рет қолдарына Мосин винтовкасын ұстап, қару тазартуды үйренді. Жер-жерде әскери шатырлар құрылған, адамдар бірге ән айтып, би биледі, біреулер жазғы кинозалда кино көрді, патрульдер құжаттарды тексерді. Саяси жетекшілер сарбаздарға газет оқып берді. Таңғы сағат 3-те ұйқыдан оянады, күн суық, ауыздан бу шығады, айнала тұман, шық басқан шөптер...

Мұның бәрі «Біз болашақтанбыз» фильмінің кадрларын еске түсіреді. Таңғы сағат 4-те митинг-реквием басталды, 20 мың көрермен, негізінен – жастар. Ересектер көз жастарына ерік беруге қымсынбады, шындығында, Брест қамалы – қасиетті жер. Сағат 5-те 13 елден келген делегация қатысқан қалпына келтіру қойылымы басталды. Олардың арасында 125-ші атқыштар полкы бар. Атыраулық делегацияның басым бөлігін жастар құрайды. Олардың бірі - Юрий ПОЛЫНИН. Оның арғы атасы, Даңқ орденінің толық кавалері Евгений Полыниннің есімі Атыраудағы көшеге берілген. Жеңіс бағында оның рухына мемориалдық тақта орнатылған. Юрий үшін экспедицияға қатысу арғы атасы мен Ұлы Отан соғысына басқа қатысушыларға құрмет көрсету мүмкіндігіне айналды.

Белоруссияда балалар басым бөлігі Қазақстан жауынгерлерінен құралған 125-ші атқыштар полкы шайқасқан жерлер «Хатынь» және «Брестская крепость-герой» мемориалдық кешендеріне барды. Бауырластар зиратына, батырларға арналған ескерткіштерге тағзым етіп, Белоруссия мемлекеттік соғыс тарихы музейіне аяқ басты. Бұдан бұрын патриоттық жобаға қатысушылар Волгоградтағы Мамаев қорғаны мен Павлов үйіне, Мәскеудегі Батыр панфиловшылар музейі мен Тағзым тауына барды.

Әр қалада біздің делегациямызды қарсы алып, көмек көрсетті және ҚР елшілігінің қызметкерлері шығарып салды. Сапарды және әскери киім тіктіруді қаржыландырушы - «Атырау-Жарық» АҚ, сонымен қатар «Ембімұнайгаз», «АМӨЗ» және «Темір жолы» АҚ көмектесті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 шілде 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.