Атырау, 26 сәуір 18:53
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Ата-аналар босқа дүрлігеді»

4 382 просмотра

Биыл мектепке баратын бірінші сынып оқушыларын жаңа оқу бағдарламасы күтіп тұр. Бастауыш сынып мұғалімдері тиісті дайындықтан өтуде. Болашақ оқушыларды бес күндік пен үштілділіктен басқа қандай өзгерістер күтіп тұрғандығы туралы біз «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Атырау филиалының педагогикалық шеберлік орталығының тренері Гүлсім МАҚСОТОВАМЕН (суретте) сұхбаттасқан едік.

«БАРШАСЫНДА ТЕҢ МҮМКІНДІК БОЛУЫ ТИІС»

- Гүлсім Мақсотқызы, бағдарламаны жаңартумен кім айналысты?

- Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогтары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп жасады. Негізгі «өнім» - үш (қазақ, орыс және ағылшын) тілді меңгерген, ой-өрісі кең, өз ойын еркін жеткізе алатын, жақсы коммуникативтік дағдылары бар орта мектеп түлегі болуы тиіс.

Жаңартылған білім бағдарламасы 2016-17 оқу жылдары іске қосылып, бірінші сыныптан басталады. Оқыту заманға сай, Назарбаев зияткерлік мектептері әдістемесінің негізімен құрылған. Оқушылардың барлығына бастапқы тең жағдайды ұсыну маңызды болды. Сондықтан да, өздеріңіз білетіндей, биыл бірінші сынып оқушылары үшін лицейлер мен гимназияларға қабылдау тестілері алынып тасталды. Енді балаларды білім беру мекемелеріне мекенжайлары бойынша қабылдайды. Мен мұны дұрыс деп есептеймін, бәрінде бірдей мүмкіндік болуы тиіс. Енді барлық бастауыш сыныптары үшін қолжетімді болған Назарбаев зияткерлік мектептерінің инновациялық әдістемелері бойынша оқытылатындығы да маңызды. Ал, әрі қарай бесінші сыныптан бастап ата-аналар балаларын лицейге немесе гимназияға апара ма, әлде кәдімгі жалпы білім беретін мектепте оқуын жалғастыра ма, өздері шешеді.

- Бұл бағдарламаның бұрынғы бағдарламадан түбегейлі айырмашылығы қандай?

- Айырмашылықтары көп. Тіпті, бұл бәріміз дағдыланып кеткен әдіске ұқсамайтын мүлдем жаңа оқыту үлгісі деп айтар едім. Әдістеменің өзінде де, бағалау жүйесінде де өзгерістер бар. Кейбір мектеп пәндері бір пәнге біріктірілетін болады. Мәселен, бірінші сыныпта бұрын 5-сыныпта оқытылған «Жаратылыстану» пәні пайда болады. Енді оқушылар ерте кезеңде ғылымға алғаш қадам басып, зерттеушілік дағдыларын ала бастайды. Жаңа «Дүниетану» пәнінде тарих, география және құқық пәндері болады.

«Бейнелеу өнері» мен «Еңбек» пәндері жаңа «Көркем еңбек» пәніне біріктіріледі. Ағылшын тілі әлдеқайда тереңірек оқытылады. Егер бұрын қазақ сыныптарында орыс тілі үшінші сыныптан бастап оқытылса, енді бірінші сыныптан бастап оқыта бастайды. Орыс сыныптарында қазақ тілі пәні бірінші сыныптан бастап оқытылады және ол солай қалады.

Жаңа өзгерістердің бірі – сабақ барысында барлық пәндер бойынша өтпелі тақырыптар болады. Мәселен, «Менің отбасым» өтпелі тақырыбы математика сабағында қолданылуы мүмкін. Балалар отбасында қанша адам бар, қанша бала бар, үлкендердің саны қанша, қайсысы артық, соны есептей алады. Отбасы тақырыбы алуан түрлі тақырыптық тапсырмалар арқылы барлық пәндер бойынша өтуі мүмкін. Бірінші сыныптағы оқу процесінде логика элементі, модельдеу және бұрын болмаған басқа да әдістер қолданылатын болады.

- Бірінші сынып үшін ертерек емес пе?

- Ешқандай. Керісінше, жаңа әдістеме заманға сай қабылданғанын түсіну керек. Қазіргі балаларға қараңыз. Олар қазір 2D немесе 3D форматының не екенін оп-оңай түсіндіріп бере алады. Түсіндіріп қана қоймай, оларға қоршаған кеңістіктен мысалдар тауып бере алады.

Балалардың пәнді тануына тікелей қатысуы өте маңызды. Мәселен, математика сабағында геометриялық пішіндерді визуалды таныстырумен шектелмей, оқушыларға қол астындағы материалдардан үлгісін жасап шығаруды ұсынуға болады. Яғни, бала сабақ кезінде тыңдарманнан тікелей білім беру процесіне қатысушыға айналады.

ҚАТАРЛАСТАР АРАСЫНДА БІРІНШІ

- Мұғалім рөлі де өзгеріске ұшырайтын шығар?

- Әлбетте. Егер бұрын ол білім беру процесінде басшы рөлін ойнаса, енді оқушылармен тең қатысады. Оның міндеті – балаларды қажетті арнаға бұру, таным процесіне еліктіру. Жаңа әдістеменің артықшылығы осында. Егер бұрын мұғалім, бейнелеп айтсақ, ақпаратты «шайнап беретін» болса, енді ол сабақты оқушылар білім алуға тікелей қатысатындай белсенді тапсырма, топтағы жұмыстар арқылы ұйымдастырады.

- Бастапқыда бағалау жүйесі де өзгереді дедіңіз.

- Иә, біз үйреншікті бес баллдық жүйеден кетеміз. Өйткені, мұғалім үштік бағаны қоймас үшін, «минус» төртті қоятын кез жиі болады. Немесе толық бестік қоя алмағандықтан, төрт деген баға қояды. Жаңа жүйе өлшемдік бағалауды топшылайды. Мұнда педагог оқушыларға бақылау жасап, ол қойылған мақсатқа қол жеткізді ме, қай жерде анағұрлым ынталы болған жөн екенін белгілейді. Мектепте электронды журнал пайда болып, оған мұғалім түрлі өлшемдер бойынша өз қадағалауларын енгізетін болады. Мұнда біз қателікті тікелей нұсқамаймыз. Оқушының жұмысына баға бере отырып, мұғалім ең алдымен оның жетістіктері мен табыстарын белгілеп, тек оқушының не нәрсеге көңіл аударуға тиіс екенін көрсетеді, «нашар», «қанағаттанарлықсыз» секілді жағымсыз сөздерді пайдаланбайды. Өйткені, балалар түйсіксіз деңгейде неден қорқады? Нашар бағадан. Енді олардың мұғалімнің комментарийлерін пайдалана отырып, өз жұмыстарын тағы бір талдап, қателіктерімен жұмыс жүргізуге мүмкіндіктері пайда болады.

Айтпақшы, бірінші сынып оқушысының ата-анасына оқушылардың білімін бағалайтын жаңа жүйенің енгізілуіне қатысты қатты уайымдаудың қажеті жоқ. Алғашқы үш тоқсанда оларда әліппе кезеңі болады. Бағаға жайлап, біртіндеп келетін боламыз.

- Оқушыларға өздіктерімен білім алуға мүмкіндік берілетін еркін сабақ түрлері, жаңа бағалау жүйесі – мұның бәрі кейбір оқушыларға теріс әсерін тигізбей ме? Өйткені, олардың арасында анағұрлым күштілері де, әлсіздері де бар ғой?

- Жоқ, әсерін тигізбейді. Мұғалімнің алдына қойылған басты міндеттердің бірі – балалардың барлығын оқу процесіне тарту. Егер балалардың кезекті сабақ пәнін өздіктерімен оқитын топтық сабақтары туралы алсақ, онда қалай болғанда да, әр бала процеске тартылатын болады. Мұндай сабақтарда балалар өз құрдастарынан алған ақпаратты тез сіңіреді. Ал ұжымдық жұмыс анағұрлым әлсіздерді анағұрлым күштілердің деңгейіне жеткізуге септігін тигізеді. Бұл жерде мұғалімнің педагогикалық шеберлік деңгейі, балалардың барлығына бірдей қызықты болу үшін оның сабақты ұйымдастыра алуы үлкен рөл атқарады.

«ОҚУЛЫҚТАР ӘЗІРЛЕНДІ, МЕКТЕПТЕР ДАЙЫН»

- Қазір көпшілігі оқу процесіне үштілділік енгізу туралы айтуда. Ол бірінші сыныпта қалай жүзеге асырылады?

- Шынымен де, қазір ата-аналардың көпшілігі дүрлігуде. Алаңдауға себеп жоқ екеніне сендіргім келеді. Бірінші сыныптықтарға тек ағылшын тілінде негізгі сөз орамдары мен жекелеген терминдер ғана берілетін болады. Бұл қиын емес. Оның үстіне, ағылшын тілін қазір балабақшаларда да үйретуде.

- Ағылшын тілін білмейтін бастауыш сыныптардың мұғалімі сол негізгі сөз орамдарын қалай бере алады?

- Оларға көмек ретінде әдістемелік құралдар, соның ішінде аудиоматериалдар әзірленген.

- Қалай ойлайсыз, біздің мектептер жаңа білім беру бағдарламасына көшуге әзір ме?

- Қазақстанның 30 мектебі пилотты режимде осы моделді тәжірибеден өткізді. Атырау облысында пилотты жоба өткен жылы №17 мектеп-лицей мен Исатай ауданындағы Мырзағалиев атындағы мектеп базасында табысты жүзеге асырылды. Мектептердің барлығы бүгінде интерактивті экрандармен, проекторлармен, компьютерлермен жарақталған. Педагогтар оқытудан өтуде. Оқулықтар мен жұмыс дәптерлері әзірленді. Сондықтан 1 қыркүйектен бастап мектептердің барлығы бірінші сынып оқушыларын жаңа әдістеме бойынша оқыта алады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

14 шілде 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.