№2 Атырау қалалық соты Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ оқытушысына қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотталушы С.У. жергілікті тұрғынды қызының – мектеп түлегінің университетте тегін оқыту бөліміне түсуіне көмектесемін деп сендіріп, одан 550 000 теңге алған.
Кейін, әйелдің жер телімін сатып алуға ірі мөлшерде несие алғанын біліп, оған бұл мәселеде де «көмектесемін» деп уәде беріп, алдау арқылы алдымен 750 000 теңге, кейінірек тағы 450 000 теңге алған.
Осылайша, зардап шегушіге 1 750 000 теңге мөлшерінде материалдық зиян тигізілді.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, С.У. ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-тармағының 1-тармақшасы («Ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырумен қатар, шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ