Атырауда біте немесе жапырақ жегіне қарсы жас көшеттерді улау жұмыстары жүргізілуде.
Зиянкестермен күреске бюджеттен 16 млн теңге бөлінді. 35 га көлеміндегі жас көшеттерді улау бойынша тендерді «Дезинфекция» ЖШС (Ақтөбе қ.) жеңіп алды. Кәсіпорын директорының орынбасары Болат МҰСАБЕКОВТІҢ айтуынша, жұмыс үш кезеңмен жүргізіледі.
– Біз арнайы дәрілермен жұлдызқұртты улаған бірінші кезеңімізді аяқтадық. Қаланың барлық саябақтары мен гүлзарлары (Балықшы, Жилгородок, Жеңіс саябағы, Смағұлов саяжолы), сондай-ақ, әуежай трассасы, Сәтбаев даңғылы, Азаттық даңғылы, Әлиев және Әуезов көшелеріндегі ағаштарды уладық. Екінші кезең бойынша біз басқа бір дәрілік препараттармен қоңыздарды улау жұмыстарын аяқтап келеміз. Көшеттерді улаудың үшінші кезеңін тамыз айының аяғы қыркүйектің басында жүргізуді жоспарлап отырмыз. Алайда, бұл тамыз айына дейін улау жұмыстары тоқтатылады деген сөз емес. Өйткені, қалада көшеттер аз емес, біз кез келген бұрыштағы ағаш біткеннің бәрін қамти алмаймыз. Қазір ПИК-тің тапсырыстары бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Аулаларда жапырақ жегі байқалса, сол жерлерге барып улаймыз. Сондай-ақ тұрғындардан түскен шағымдармен де жұмыс жасаймыз. Егер жасыл желектердегі жапырақ жегін көрген болсаңыздар қалалық ТКШ бөліміне хабарлаңыздар. Түскен дабылдар бойынша барып, ағаштарға дәрілерді шашамыз. Зиянкестердің одан әрі көбейіп, жаңа дернәсілдердің пайда болуына жол бермеу үшін қоңыздардың көзін жойған маңызды.
– Қалалықтар үшін сіздердің препараттарыңыздың қаншалықты зияны бар?
– Оның қауіпсіздігі үшінші дәрежеде, яғни, олар тіпті, аралаларға да зиянын тигізбейді. Олардың әсері тікелей зиянкестерге арналған. Адамдарға ешқандай қауіп жоқ.
– Жұмыстарыңызды қай мезгілде жүргізесіздер?
– Жағдайға қарай, қалалықтарға қолайсыздық туғызбауға тырысамыз. Адамдар аз жүретін жерлерде күндіз, ал, халық көп болатын жерлерде түнде улаймыз.
– Биылғы қаладағы зиянкестердің жаппай пайда болуы немен байланысты деп ойлайсыз?
- Оның себебін айту қиын, алайда, биылғы көктемнің жаңбырлы болуы зиянкестердің тез көбеюіне қолайлы жағдай туғызды деп айтуға болады.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор