Құлсары қаласындағы көгалдандыру жұмысына биыл бюджеттен 24 млн теңге бөлінді.
Бұл вазондарды орнатып, гүлзарлар егіп, оларды күтіп-ұстауға жұмсалатын қаржы. Мүгедектер қауымдастығы арасында өткізілген тендерді Қазақ саңыраулар қоғамының Атырау оқу-өндірістік кәсіпорны жеңіп алды. Қазір олар қаладағы гүлзарлар мен айналма жолдарға және көшелерге 53 775 дана шырайгүл (петуния) мен барқытшөп (бархатцы) гүлдерін егу жұмыстарын аяқтап, енді оларды күтіп-баптап, суарып, арам шөптерден тазарту жұмыстарын атқаруда.
Ал, қала көшелеріндегі 4 168 талды суару мен күтіп ұстау міндетін атқаратын мекеме әзірге анықталған жоқ.
- Биыл талдарды суару, күтіп-ұстау жұмыстарын атқаруға бір жеке кәсіпкерді тартқанбыз. Бірақ ол өз міндетін дұрыс атқармағандықтан кері конкурс өткізуге тура келді, осы маусым аяғында конкурс жеңімпазы белгілі болады, - дейді Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Қаржау ШАРҒАБАЕВ. – Біздің басты проблемамыз малдың көшелерде жайылуы болып отыр. Олар өсіп тұрған талдардың жапырағын жеп, бұтақтарын сындырып кетіп жатыр. Біз тұрғындарға малдарын қараусыз қалдырмау жөнінде бірнеше рет ескерттік, бірақ өзара түсіністік табылған жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА