Индербор кентінде тағы бір 60 пәтерлік бір үйдің құрылысы басталды.
Құрылысты «Самалнефтьстрой» ЖШС жүргізіп жатыр. Үйді келесі жылдың наурызына пайдалануға беру жоспарлануда.
Өткен жылы 60 пәтерлік екі үйдің құрылысы бітіп, 120 отбасыға пәтер кілттері табыс етілген болатын. Бұдан бөлек 10 отбасыға арналған мемлекеттік қызметшілерге берілетін үйлердің кілттері табысталды.
- Баспана құрылысы көп жыл бойы жүргізілмеген болатын. Соның кесірінен кезек жылжымай тұрып қалды, кезекке тұрған адам саны көбейе берді. Қазір аудан бойынша 620 адам кезекте тұр. Оның ішінде әлеуметтік осал тобы кезегінде - 334, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер - 246, жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тізімінде 37 адам тұрса, ал үш адамның үйі апаттық жағдайға жеткен. Бірақ, үй кезегінде тұрғандар саны өсіп отыр, сондықтан бізге тағы бірнеше үй керек, - дейді Индер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА